Ирак әскері 27 мамырда Анбар провинциясының орталығы Рамади қаласында "Ислам мемлекеті" содырларымен ұрыста қаланың екі ауданын қайтарып алды. Ирак үкіметі күштері содырлармен Рамадидің оңтүстік шет жағында соғысып жатыр. Армия полковнигінің айтуынша, Ирак әскері мен шииттік милиция жасақтары қаланың Таиш және Хумейра аудандарына еніп, Анбар университеті кешеніне кіріп барады. Үкімет күштері негізінен қаланы оңтүстік жағынан айнала өтетін негізгі жолдың маңын қайтарып алған. Рамадиді толық қайтарып алу операциясы әлі шындап басталған жоқ.
Ирак армиясы ресми өкілінің хабарлауынша, "Ислам мемлекеті" ұйымы бақылауындағы Фаллуджа қаласының маңында содырлардың ирак армиясын нысанаға алып өзін-өзі жарып жіберу шабуылдарынан 26 мамырда 17 адам қаза тапқан.
Ал Сирияда құқық қорғау тобының ақпаратына қарағанда, күрд әскері "Ислам мемлекеті" содырлары ақпан айында басып алған ассириялық христиандар тұратын 14 елді мекенді қайтарған.