Ресейдің Санкт-Петербург қаласында маусымның 6-ы күні «Мемориал» ұйымының жергілікті бөлімі, 1988 жылдан бері келе жатқан дәстүр бойынша, сталиндік репрессия құрбандарын еске алу шарасын өткізді. Кресты түрмесіне қарсы беттегі Воскресенск жағалауында өткен жиынға 300-ге жуық адам қатысқан.
Еске алу шарасында сөйлегендер совет билігі тұсында репрессия құрбаны болғандардың көпшілігінің қай жерде қаза тапқаны, сүйегі қайда қалғаны белгісіз екенін, сол зұлмат жайлы архив құжаттары әлі күнге дейін құпия саналатынын, репрессия жайлы қоғамның білетіні көмескі тартып бара жатқанын айтты. Сонымен бірге қоғамда Сталинді қайтадан ақтау, оған ескерткіштер орнатып, есімін дәріптеу жиілеп кеткеніне наразылық білдірді.
Жиынға қатысушылардың бірі әлеуметтік желілерде айтылып жүрген идеяны – екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқандарды еске алуға арналған «Ажалсыз полк» шеруі сияқты, репрессия құрбаны болған ата-бабаларының суреттерін ұстап, «Ажалсыз барақ» шеруін ұйымдастыру туралы бастаманы қолдауға шақырған.
Митинг аяқталған соң оған қатысушылар, қалыптасқан дәстүр бойынша, суға екі шеңбергүл жіберді.
– Бұлардың бірін акцияны ұйымдастырушылар,екіншісін – Ленинград облыстық әкімдігі жанындағы реабилитация жөніндегі облыстық комиссия әкелген. Ал қаланың ресми биліктен ешкім келмеді. Біздің акция – репрессия құрбандарын жадымыздан шығармай, оны ұмыттырғысы келетіндерге қарсы тұру. Бұл дәстүрдің тамыр жаюы маңызды, Ресейдің көптеген қалаларында аймақтық деңгейде атап өтетін еске алу күндері бар, Петербургте ондай күн – маусымның алғашқы сенбісі болып белгіленген. Бұл дәстүрді дәл қазіргі таңда қолдау ерекше маңызды, - деді еске алу митингін жүргізген, жергілікті «Мемориал» ұйымы жетекшілерінің бірі Александр Даниэль.
Акциядан кейін оған қатысушылар Троицк алаңындағы саяси репрессия құрбандарына орнатылған ескерткіш – Соловецк тасына гүл қойды.