Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстанмен шекарадағы өкілдердің қызметі жөніндегі келісімді ратификациялау туралы заңға қол қойды. Қырғызстан жағы бұл келісімді 2004 жылы мақұлдаған.
Келісім бойынша, шекаралық өкілдерге мемлекеттік шекарадан өту ережелерінің сақталуын қадағалау өкілеті жүктелген. Олар мемлекеттік органдармен бірлесе отырып контрабандамен күрес шараларына, шекарада өлгендерді анықтау жұмыстарына қатысуға құзыретті. Бұдан өзге, шекарадағы өкілдердің шекарадағы су қоймаларындағы судың пайдаланылуын бақылауға құқығы бар. Келісімде шекарадағы оқиғаларды тексеру шекарадағы өкілдің басшылығымен жүргізілетіні де айтылған.
Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтері арасындағы шекарадағы өкілдердің қызметі туралы келісімге 2001 жылдың 15 желтоқсанында Астанада қол қойылған.