Accessibility links

Киев түбіндегі жанармай базасы әлі өртеніп жатыр


Өрт сөндірушілер Киевтен 30 километр қашықтықтағы жанармай базасында шыққан өртті өшіріп жатыр. Украина, 8 маусым 2015 жыл.
Өрт сөндірушілер Киевтен 30 километр қашықтықтағы жанармай базасында шыққан өртті өшіріп жатыр. Украина, 8 маусым 2015 жыл.

Киевтің оңтүстігінде мұнай базасындағы өртті әлі өшіріп жатыр, өрттің басқа жаққа жайылу қаупі жоқ деп хабарлады бүгін украин билігі. Украина төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттің қызмет басшысы Николай Чечеткиннің мәлімдеуінше, Киевтен 30 километр қашықтықтағы Васильков қаласындағы жанармай базасында шыққан үлкен өрттен бес адам қаза тауып, 12 адам түрлі дәрежеде жараланған. Алты жанармай резервуары өртенген.

8 маусым күні кешке қарай резервуарлардың бірінен шыққан өрт жанындағы бензин сақталып тұрған 16 резервуарды шарпыған. 9 маусым күні таңертең өрт орнында жарылыс болған.

Украина ішкі істер министрінің кеңесшісі Зорян Шкиряк милицияның тергеу жүргізіп, өрттің шығуына бірнеше себеп қарастырылып жатқанын мәлімдеді. Өртке себеп болды деген болжамдар арасында "жанармайды сақтау ережелерінің бұзылуы", "техникалық ақау" немесе "қасақана өртеу" нұсқалары бар. Жанармай базасы иесінің айтуынша, өрт "әдейі қойылған" болуы мүмкін.

XS
SM
MD
LG