Қостанай облысы Амангелді ауданында мамырдың 10-ы күні өлген киіктер табыла бастаған. Әуелі «браконерьлер жануардың мүйізіне қызығып, атып кетті ме» деген күдік туған. Бірақ бірнеше аптадан кейін маң даланы өлген киік басып қалды. Бұл өңірде қырылған жүз мыңға жуық киік бір аптада әзер көмілді.
Ресми болжам бойынша, жануарлар инфекциялық аурудан өлген. Амангелді аудандық әкімдігі Азаттыққа өлген екі киікке жасаған тексерулерін көрсетті.
– Тексеру диагнозы мен экспертиза нәтижесі пастереллез екенін көрсетті. Қостанай облыстық арнайы лабораториясының нақты нөмірмен бекіткен қорытындысы бойынша, бұл ауру – пастереллез, – дейді Қостанай облысы Амангелді ауданы әкімінің орынбасары Талғат Кәрібозов.
Ал жергілікті тұрғындар киіктер «Протон» зымыран тасығышынан төгілген улы гептилдің әсерінен өлді деп санайды. Соңғы рет мамырдың 16-сы күні Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылған зымыран тасығыштың апатқа ұшырағаны белгілі.
– Біразы өлді. Енді қазір тұқым да қалмады-ау деймін. Қазір жылан мен балық қана қалды, – дейді Амангелді ауылының тұрғыны Қарқымбай Дағманов.
Ауыл тұрғындары эколог мамандар және әскерилермен бірге өлген киіктерді көмген. Олардың айтуынша, арнайы киімді ешкім бермеген. Полицейлердің сөзінше, киік қырғынын пайдаланып, киіктің мүйізін кесіп алғандар да ұсталған. Амангелді аудандық ішкі істер басқарма бастығы Мұрат Сыздықовтың сөзінше, олардың арасында Арқалық қаласы әкімінің жүргізушісі де бар.
Ал Қабырға ауылында мал да өле бастады. Ақерке Амантайқызының отбасы Қабырға ауылына мал бағу үшін үш жыл бұрын көшіп келген. Оның бір бұзауы өліп қалған. Екеуі ауырып жатыр. Ауылда 15 мал өлгенін айтқан Ақерке енді балаларым ауырып қала ма деп уайымдайды.
– Киік қырыла бастағанын 19-ында естідік. Оған дейін ештеңе естіген жоқпыз. Мамырдың аяғында түнде бір жарылыс болған. Жарқ ете қалған. Қайнар жақта «Протон» құлапты, одан гептил тарапты дескен, – дейді ол.
Ақерке Амантайқызы күн сайын таңертең даладан иіс келетінін айтады. Бірақ бұл иісті кетіру үшін кімге шағымдану керегін білмейді.
Ауыл тұрғыны Азамат Смағұлов та бұзау мойнына ақтаңдақ жара шығып кеткенін айтады. Азаматтың да бұзауы өлген. Оның айтуынша, мал дәрігерлері диагноз қоя алмаған.
Ал аудан басшылығы ешкімнен шағым түспегенін айтады. Ауыл маңындағы радиация мөлшерін тексергенде бәрі дұрыс болған. Жергілікті билік өкілдері гептилдің залалы деген әңгімені бос сөзге санайды. Бірақ киік қырылған кезде аудан аумағынан «Протон» зымыранының сынығы табылғанын жасырмайды. Мамандар оның қауіпсіз екенін айтқан.
Қостанай облысының даласында жуырда ғана қырылған мыңдаған киік арнайы қазылған ұраға көмілді. Азаттық тілшілері ол маңнан көмусіз қалған бес киікті көрді.
Орман және аң шаруашылығы мекемесіне қарасты «Алтын дала» ұйымы қырылған киіктің бәрін мамыр айында көміп тастағандарын айтады. Ал киіктің неден қырылғаны туралы ештеңе айтқылары келмейді. Олар ауыл шаруашылығы министрілігінен келген тыйымға сілтейді. Азаттықтың ресми сауалына бұл министрлік әлі жауап берген жоқ.
Қазақстан үкіметінің ресми дерегі бойынша, биыл көктемде 132 мыңға жуық киік қырылған. Бұл – Орталық Азияда мекендейтін киіктің басым бөлігі. Қызыл кітапқа енген киік Қазақстанда құрып кетудің алдында тұр.