Accessibility links

СІМ: Экс-консул мәселесі тәртіптік кеңесте қаралады


Қазақстанның Сириядағы консулы Бабыр Дәуренбек. Фото автордың жеке мұрағатынан алынды.
Қазақстанның Сириядағы консулы Бабыр Дәуренбек. Фото автордың жеке мұрағатынан алынды.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі Сириядағы бұрынғы консул Бабыр Дәуренбекке қатысты мәселені тәртіптік кеңесте қарап, шешім қабылдайды деп хабарлады бүгін Азаттыққа министрліктің баспасөз хатшысы Әнуар Жайнақов.

Бұған дейін Сириядағы саяси ахуалдың шиеленісуіне байланысты Дамаскіден Иордания астанасы Амманға көшірілген экс-консул "елшімен жараспай" мамырдың басында Астанаға ротациямен кері шақырылғанын айтқан. Өзін "елшінің араласуымен сыртқы істер министрлігі қызметінен заңсыз кетіріп жатыр" деген Бабыр Дәуренбек өткен аптада Қазақстанға келген. Азаттыққа берген сұхбатында экс-консул министрлікке тиісті құжаттарын өткізіп жатқанын, министрлік өзінің бұрынғы қызметіне қайта орналастыру туралы талабына қатысты әлі жауап бермегенін айтқан.

"Ертең, 23 маусымда министрліктің арнайы тәртіптік кеңесінің отырысы өтеді. Сонда Дәуренбекке қатысты шешім қабылданады. Қандай шешім қабылданғанын хабарлаймыз" деді Әнуар Жайнақов.

Бабыр Дәуренбек бүгін таңертең СІМ алдында өз талаптарына қатысты наразылық танытпақ болған. Бірақ кеше Radiotochka.kz интернет ресурсы оның Facebook парақшасында 21 маусым күні кешке өзін бір топ жас жігіттің "ұрып-соғып, жарақаттап кеткенін" жазғанын хабарлаған. Бірақ оның Facebook-тегі парақшасындағы барлық жазбасы өшірілген.

Астана қалалық ішкі істер департаментінің азаматтардан арыз-шағымдарды қабылдау мен кезекші бөлімдері Азаттыққа Бабыр Дәуренбек есімді азаматтан я оған қатысты ауруханадан арыз-шағым түскені туралы мәлімет жоғын айтты.

Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Әнуар Жайнақов "Бабыр Дәуренбектің қайда екенінен хабарым жоқ" деді.

XS
SM
MD
LG