Чехия премьер-министрі Богуслав Соботка Азаттыққа берген сұхбатында Ресейге Украинадағы саясатына қатысты салынған санкциялар Донбасстағы қақтығысты тоқтату туралы Минскіде жасалған келісім толық орындалмайынша жойылмауы тиіс деп мәлімдеді. Ол егер Ресей Украинадағы жағдайды шиеленістіруін тоқтатпаса санкциялар қатаңдатылатуы мүмкін екенін айтты. Бірақ соған қарамастан Соботка Ресеймен "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы содырларына қарсы бірге күресудің маңызды екенін айтты.
Соботка Еуропа Одағы Ресеймен жақындасуды біраз кейінге ысыра тұруы тиіс айтты. Оның пікірінше, көп нәрсе Ресейдің Украина, Грузия және Молдованы өз болашағын өзі анықтауға құқығы бар егемен ел ретінде мойындау, мойындамауына байланысты.
Чехия премьер-министрі "Ислам мемлекетінің" пайда болуы батыс үшін ғана емес, араб әлемі үшін де үлкен проблема екенін айтты. Соботка ИМ-мен күресте Ресеймен және радикализмнің таралуын қаламайтын араб елдерімен одақтас болудың қисынға келетінін жеткізді.