Сараевода бүгін мыңдаған адам Сребреница қырғынында қаза тапқаны анықталған құрбандар табытын алып жүрген жүк көлігімен бірге көшеге шықты. Қырғында қаза тапқаны енді анықталған 136 адамның мүрдесі қырғынға 20 жыл толатын кезде Сребреницада жерленеді.
Жүк көлігі құрбандардың туыстары, аналары мен әпке-қарындастары, жесірлері қайғыра еске алып тұрған Босния президенті әкімшілігінің алдына аялдады.
1995 жылы 11 шілдеде босниялық серб әскері мен сербтердің әскерилендірілген жасақтары Боснияның шығысына басіп кіріп, 8 мыңға тарта мұсылман ерлері мен балаларын қырып салған еді.
Босния-Герцеговина Сребреница қырғынының 20 жылдығын еске алайын деп жатқан тұста да қырғында қаза тапқандардың мүрделері әлі табылып жатыр.
Қазірге дейін құрбандар топтап жерленген 93 орыннан және өзге де 300-ден астам түрлі аумақтан табылған 7 мыңға тарта адамның мүрдесі қазып алынып, қайта жерленген.
8 шілдеде мыңдаған адам құрбандарды еске алып, Тузла қаласынан Сребреницаға дейін 100 километрге созылатын үш күндік маршқа шықты.
Ұлыбритания бірер күн бұрын БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне Сребреницадағы қырғынды геноцид деп бағалауға шақыратын қарар ұсынған. Бірақ қарарға Ресей вето қойып қабылданбай қалды. Бұған дейін екі халықаралық сот Сребреница қырғынын "геноцид" деп атаған. Бірақ қырғынды бұлай атауға Сербия мен босниялық сербтер қарсы шыққан.