Accessibility links

Бішкек АҚШ-тың құқық қорғаушыны марапаттағанына қарсы


Қырғызстандық құқық қорғаушы Азимжан Асқаров.
Қырғызстандық құқық қорғаушы Азимжан Асқаров.

Қырғызстан сыртқы істер министрлігі (СІМ) АҚШ мемлекеттік департаментінің қырғызстандық сотталған құқық қорғаушы, этникалық өзбек Азимжан Асқаровты марапаттауына ресми түрде қарсылық танытты.

15 шілдеде таратқан мәлімдемесінде СІМ мемлекеттік департаменттің бұл шешімі "АҚШ пен Орталық Азияның постсоветтік ең демократияшыл мемлекеті арасындағы екі жақты қарым-қатынасына кәдімгідей нұқсан келтіретіні" айтылған.

СІМ "Асқаровты марапаттауды еліміздегі этникааралық бейбітшілік пен үйлесімділіктің күшеюіне қарсы саналы түрде жасалып отырған әрекет деп есептейміз" дейді.

Министрлік бұған қоса "Мемлекеттік департамент сыйлығы дұрыс адамға беріліп отырған жоқ" деген.

АҚШ мемлекеттік департаменті 14 шілдеде мемлекеттік хатшының демократия, адам құқықтары және еңбек жөніндегі көмекшісі Том Малиновский 16 шілдеде Асқаровқа 2014 жылы адам құқықтарын қорғау саласындағы еңбегі үшін тағайындалған сыйлығын тапсыратынын хабарлаған.

Азимжан Асқаров 2011 жылы 2010 жылдың маусымында болған қырғыздар мен этникалық өзбектар арасында болған жанжалдарда "этникааралық жаулықты қоздырып, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды, құқық қорғау органы қызметкерлерінің өліміне қатысы бар" деген айыптармен өмір бойы түрмеде отыруға сотталған. Асқаровтың өзі мен халықаралық құқық қорғау ұйымдары үкімді "әділетсіз, негізсіз дәлелдерге сүйеніп шығарылған" деп санайды.

Азимжан Асқаровтың орнына сыйлықты оның ұлы алады.

XS
SM
MD
LG