Астанадағы "Махаббат" және "Махаббат-2" тұрғын үй кешендеіндегі даулы пәтерлердің 20 шақты тұрғыны қаладағы орталық жолдардың бірі - үкімет ғимараттары маңындағы Орынбор даңғылын жаппақ болды. Наразы тұрғындар өздерінің баспана мәселесіне биліктің назарын осылайша аудартпақ болған.
Бірақ акция басталғаннан бірер минуттан соң наразыларды полицияның арнайы жасағы көшеден шетке ығыстырып тастады деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Бұдан соң араларында мектепке дейінгі жастағы үш бала бар тұрғындар тарай бастады.
Бүгін түске дейін "Махаббат" және Махаббат-2" тұрғын үй кешендерінің тұрғындары бас прокуратурада болып, соттың өздерін үйлерінен шығару туралы шешіміне прокурорлық қарсылық білдіруді сұрап хат тапсырған.
«Махаббат 1» және «Махаббат 2» кешені тұрғындарының баспана дауы басталғалы көп болды. Олардың айтуынша, бірнеше жыл бұрын пәтерлердің бұрынғы қожайыны - «Агрофирма Қазэкспортастық» компаниясы тұрғындармен пәтерлерді «әуелі жалға береміз, кейін сатып аласыңдар» деп келісім-шартқа отырған. Кейіннен «тіркейміз» деген желеумен келісім-шарттарды жинап алған компания оларды тұрғындарға қайтарып бермеген. Тұрғындар пәтерлерін жалға алғаны үшін әуелде айына 25 мың теңгеден, кейін 40 мың теңгеден төлеп келгендерін айтады. Бірақ соңғы иелері пәтерді босатуды талап етіп, тұрғындардан ақша алуды тоқтатқан.
Өткен жылы және таяуда Астанада бұл кешендердің тұрғындары бірнеше рет қарсылық акциясына шыққан.