Accessibility links

Варуфакис: ЕО жоспары сәтсіздікке ұшырайды


Грекияның бұрынғы қаржы министрі Янис Варуфакис.
Грекияның бұрынғы қаржы министрі Янис Варуфакис.

Грекияның бұрынғы қаржы министрі Янис Варуфакис Еуропа одағының Грекияны дефолттан құтқару жоспары «сәтсіздікке ұшырайды» деп біледі. Оның сөзінше, Грекияны «макроэкономикалық басқарудың ең ірі сәтсіздігіне» айналатын бағдарламаны қабылдауға мәжбүрлеп жатыр. ВВС-ге берген сұхбатында Варуфакис жақында қабылданған жоспар «кім атқарса да сәтсіздікке ұрынады» деп мәлімдеген.

Янис Варуфакис Грекияда шілденің 5-і күні өткен референдумнан соң отставкаға кеткен. Референдумге қатысқандардың 60 пайыздан көбі Грекияға жаңадан қаржы көмегін алу үшін бюджетті қатаң үнемдеу шараларын қабылдау туралы шарт қойған халықаралық несие берушілермен әріптестікке қарсы дауыс берген. Соған қарамастан Еуропа одағы мен Грекия арасында өткен келіссөздер нәтижесінде Алексис Ципрас үкіметі еуро аймағы елдері қойған шарттарды қабылдауға келіскен.

Жұма күні Грекия парламенті үкіметтің кредиторлармен келіссөздердегі іс-қимылын мақұлдаған. Бірақ Ципрас кредиторлармен келісімге қарсы шыққан он министрді қызметтен алған.

Үш аптадан аса уақыт «каникулға шығуға мәжбүр болған» Грекия банктері дүйсенбі күні жұмысына қайта кіріспек. Билік банктегі шоттардан қолма-қол ақша алуға байланысты енгізілген шектеу біртіндеп алынатынын ескерткен. Грекияда 29 маусымның соңынан бері банктен күніне 60 евродан аспайтын ақша алуға болады.

Алдағы апта басында Грекия парламенті сыртқы кредиторлармен қаржылай көмек туралы келіссөздерге жол ашатын жаңа реформалар қабылдауы мүмкін.

XS
SM
MD
LG