Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев елде "жағдайды тұрақсыздандырғысы келетін күштер барын" мәлімдеді. Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, бұл жайлы Атамбаев ішкі істер министрлігінің арнайы мақсаттағы полкіне барғанында айтқан.
Атамбаев Бішкекте орталық алаңда Айт намазы кезінде "жарылыс жасамақ болған" күдікті содырларға оппозициялық саясаткер "көмектесіп, қару-жарақпен және басқа да қажетті заттармен жабдықтағанын" айтты. "Олар мемлекетті бұрынғыдай әлсіз, сондықтан өздерінің заңға қайшы әрекеттерін жасай аламыз деп ойлайды. Бізде қауіпсіздігімізді қамтамасыз етіп, тәртіпті қадағалайтын құрылымдар мен органдар бар. Оған таяуда Бішкекте болған операция дәлел" деген Атамбаев.
Шілденің 16-сы күні Бішкекте арнайы операцияда "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымының күдікті алты содырының сөзі жойылған. Қырғыз арнайы қызметінің мәліметінше, атыста өлген Қазақстан азаматы Жанболат Әміров террорлық топқа жетекшілік еткен.