"Әділ сөз" халықаралық сөз бостандығын қорғау қоры 2015 жылдың алғашқы жарты жылындағы Қазақстандағы ой-пікірін білдіру, ақпарат алу және тарату құқығының бұзылуына қатысты есебін жариялады.
Ұйымның мәліметінше, қаңтар мен маусым айлары аралығында Қазақстанда бір журналист пен екі белсендіге қатысты қамауға алу және айыпты деп тану туралы сот шешімі шыққан. Төрт журналиске шабуыл жасалып, алты журналист пен бір құқық қорғаушы "негізсіз" ұсталған. Вебсайттарға кіру қиындап, я бұғатталғаны туралы он факт тіркелген.
Жала жабу айыбы бойынша жеті журналист сотқа тартылып, екі журналист "жалған ақпарат таратты" деп айыпталған. Үш белсенді "әлеуметтік, ұлтаралық және дінаралық алауыздықты қоздырды" деген айып бойынша сотқа тартылып, оның екеуіне сот айыптау үкімін шығарған.
"Әділ сөз" есебі жарияланған тұста, бүгін Астанада президент Назарбаевпен жолықтыруды талап етіп Ақорда алдына барған көпбалалы отбасы туралы хабар дайындамақ болған Азаттық тілшісі Руслан Ботайды полиция ұстап, біршама уақыттан кейін босатқан. Полиция тілшінің журналистік құралдарын тартып алып, өзін күштеп көлікке отырғызып Ақорда алдынан әкеткен соң біраз уақыттан кейін босатып, құралдарын қайтарып берген.