"Литва астанасы Вильнюсте Мұхтар Әблязовтің балдызы, Қазақстан билігі «ірі көлемдегі ақша жымқыруға көмектескен» деп айыптаған Сырым Шалабаев ұсталды" деп хабарлайды литвалық Delfi ақпарат порталы. Агенттіктің Литва қылмыстық полиция бюросының басшысы Роландас Кишкиске сілтеме жасап хабарлауынша, Шалабаев шілденің 28-і күні кешкісін Интерполдың сұрауы бойынша Литва астанасында ұсталған.
Delfi-дің хабарлауынша, Вильнюс полициясы Шалабаевты тұрып жатқан үйінде ұстап, қамауға алған, үйіне тінту жүргізіп, құжаттарын тәркілеген. Қазір оны экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатыр.
Қазақстанның қаржы полициясы Сырым Шалабаевқа "БТА Банктің" бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовтің ісіне байланысты Әблязовке "ірі көлемдегі ақша жымқыруға көмектескен" деген айып тағып, іздеу жариялаған.
2011 жылы маусымда Ұлыбритания соты "Әблязов ісін" қарау кезінде тексеру жұмыстарына жәрдем бермегені және сот үкімін сыйламағаны үшін Сырым Шалабаевты сырттай 18 айға соттаған еді.
Сырым Шалабаев Мұхтар Әблязов және басқа да күдіктілермен бірге "БТА Банктің" Қазақстан, Украина және Ресейдегі миллиондаған долларлық активтерін жымқыруға қатысы бар" деген күдікке ілінген. Интерпол Қазақстан мен Украинаның сұрауы бойынша Шалабаевқа іздеу жариялаған.
2009 жылы ақпанда өзі басқарып келген БТА банк мемлекет меншігіне өткен соң шетелге шығып кеткен Мұхтар Әблязовты кейін Қазақстан билігі «банктен 6 миллиард доллар жымқырды» деп айыптаған. Ал Әблязов Қазақстан билігі өзін президент Нұрсұлтан Назарбаевтың режимін сынағаны үшін саяси астары бар себептермен қудалап отыр деп есептейді. 2013 жылдың жазынан бері Францияда қамауда отырған Мұхтар Әблязовті Лион соты Украина немесе Ресейге экстрадициялауға санкция берген. Оның апелляциялық шағымын Францияның жоғарғы кассациялық соты қанағаттандырмай тастаған. Әблязовты экстрадициялау туралы түпкілікті шешімді енді Франция үкіметі қабылдайды.