Accessibility links

"АрселорМиттал Теміртауға" тексеру жүргізілмек


"АрселорМиттал Теміртау" компаниясының металл өнімдерін шығаратын цехтарының бірі, Теіртау. (Көрнекі сурет).
"АрселорМиттал Теміртау" компаниясының металл өнімдерін шығаратын цехтарының бірі, Теіртау. (Көрнекі сурет).

Қарағанды облыстық прокуратурасының тапсырмасы бойынша еңбек инспекциясы басқармасы "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына тексеру жүргізетін болды. Бұған металлургтер мен көмір өндірушілер кәсіподақтарының "АрмелорМиттал Теміртау" компаниясының қыркүйек айынан бастап жұмысшылар жалақысын 25 пайызға қысқартуына наразылық танытып, прокуратураға компанияны тексеруді талап етіп шағымдануы себеп болған.

- Бүгін біз прокуратурадан хат алдық. Бүгіннен тексеруге қажетті құжаттарды даярлай бастадық. Келесі дүйсенбіде тексеруге кірісеміз, - деді Азаттыққа Қарағанды облыстық еңбек инспекциясы басқармасынан.

Облыстық прокуратура өкілі Азаттыққа бұл мәселені "бақылауға алатынын" айтты. Мәселеге қатысты тексеруді металлургтер мен көмір өндірушілер кәсіподақтары да бақылап отыратынын жеткізді.

- Біз заң бұзушылық болғанына сенімдіміз. Компанияның бір жақты түрде жалақыны азайту туралы шешім шығаруға құқығы жоқ. Жалақыны азайту бұйрығы еңбек кодексіне де, ұжымдық келісім-шартқа да қайшы келеді, - деді Азаттыққа көмір өндірушілердің "Қорғау" кәсіподағы жетекшісі Марат Миргаязов.

4 тамызда "АрселорМиттал компаниясы" 4 қыркүйектен бастап жұмысшыларының "жалақы қорындағы төлемін 25 пайызға қысқарту туралы" бұйрық шығарған.

Бұйрықта "қолданыстағы тарифтік мөлшерлемелер мен еңбекақы азаймайтыны" айтылған. Бұйрық бойынша, компанияның құрыш құю және көмір департаменттерінің, компанияның "Өркен", "Карвол", "Құрылысмет", "Оқжетпес", "Крафт-Сет" және Power networks" еншілес кәсіпорындары жұмысшыларының жалақысы азаймақ.

Компания басшылығы жалақыны азайтуға "металл өнімдеріне сұраныстың азаюы мен шикізат бағасының арзандауы және нарықтағы жағдайдың қиындығы" себеп дейді.

XS
SM
MD
LG