Грекия премьер-министрі Алексис Ципрас отставкаға кететінін мәлімдеді. Онымен бірге бүкіл үкімет құрамы да қызметтен кетті. Енді қыркүйектің 20-сы күні Грекияда жаңа парламент сайлауы өтеді.
Бейсенбі күні Ципрас отставкаға кететіні туралы өтінішін Грекия президенті Прокопис Павлопулусқа жіберген.
Ципрастың Еуропа Одағы тарапынан қаржылай көмек алу үшін елде көлемді реформаларды жүзеге асыруды мақұлдауы оны қолдайтын «Сириза» партиясында жік туғызған.
Бұған дейін Еуропалық тұрақтылық қоры Грекияға 86 миллиард доллар көлемінде кезекті кредит беру туралы шешімді мақұлдаған.
Ауыр экономикалық дағдарысқа тап болған Грекияға жәрдем беру үшін Афинаға қатаң бюджет саясатын жүргізу туралы шарт қойған халықаралық кредиторлар талабына қарсы популистік мәлімдемелерімен танылған Алексис Ципрас өзі басқаратын «Сириза» партиясымен бірге былтыр өткен ел парламенті сайлауында жеңіске жеткен еді. Ол биыл қаңтарда Грекия премьер-министрі қызметіне тағайындалған.