Бүгін, тамыздың 26-сына Астана қаласында өткен «Ауыл» партиясының съезінде партия төрағасы Ғани Қалиев қызметінен босатылып, орнына Әли Бектаев сайланған.
Азаттық тілшісіне өзінің партия төрағалығынан босау себебін Ғани Қалиев жаңадан ашылған «Ұлттық аграрлық ғылыми білім орталығы» республикалық коммерциялық емес акционерлік қоғамы директорлар кеңесі төрағасы қызметіне тағайындалуына байланысты деп түсіндірді. Оның айтуынша, партия төрағалығынан кету мәселесі Қазақстан президенті әкімшілігінің келісімімен жүзеге асқан.
«Ауыл» партиясының жаңа төрағасы Әли Бектаев совет кезінде комсомол, коммунистік партия қызметінде болған, соңғы жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.
«Ауыл» партиясы 2002 жылы тіркелген. 2007 жылы өткен мәжіліс сайлауына қатысып 1,51% дауыс, 2012 жылғы мәжіліс сайлауында 1,19% дауыс алып, парламентке өте алмаған. Ғани Қалиевтің айтуынша партияның қазір 185 мың мүшесі бар.
Ғани Қалиев "Ауыл" партиясын құрылғаннан бері 13 жыл бойы басқарып келген. "Ауыл" партиясы биыл сәуір айында өткен Қазақстан президентін мерзімінен бұрын сайлауда президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын қолдаған.