"Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік тобының содырлары Сирияның Пальмира қаласында тағы бір ежелгі ғибадатхананы қиратты. Syrian Observatory for Human Rights ұйымының хабарлауынша, содырлар бұл жолы қаланың орталық бөлігіндегі Рим империясы дәуірінде салынған Бэл храмын қиратқан. Жергілікті тұрғындар ұйымға 30 тамыз күні храмда күшті жарылыс болып, тарихи нысанның "толық қирағанын және кірпіштері шашылып қалғанын" айтқан.
Соңғы айда Пальмира қаласында осымен екінші тарихи нысан қирады. 25 тамызда содырлар екі мың жылға жуық тарихы бар Бәл Шамин ғибадатханасын жарып тас-талқанын шығарған. Мұның алдында содырлар Пальмирадағы ежелгі жәдігерлерді зерттеуші 82 жастағы ғалымды өлтірген.
ИМ Пальмираны мамыр айында басып алған. Ұйым бұған дейін Ирак пен Сирияда көне ескерткіштерді, христиандар мен мұсылмандар мазарларын бұзған.