Accessibility links

БҰҰ өкілі Астананы Нарымбаевты босатуға шақырды


БҰҰ-ның бейбіт жиындар мен ассоциациялар еркіндігі жөніндегі арнайы өкілі Майна Киаи.
БҰҰ-ның бейбіт жиындар мен ассоциациялар еркіндігі жөніндегі арнайы өкілі Майна Киаи.

БҰҰ-ның бейбіт жиындар мен ассоциациялар еркіндігі жөніндегі арнайы өкілі Майна Киаи Қазақстан билігін азаматтық белсенді Ермек Нарымбаевты дереу босатып, оған тағылған айыпты алып тастауға шақырды.

"Қоғамдағы өзгеше ойлау демократияның және орнықты мемлекеттің айқын белгісі. Азаматтық қоғам белсенділері адам құқығын қорғауда маңызды рөл атқарады. Олардың интернетте де, былайғы кезде де еркін әрекет еткені маңызды" деген Майна Киаи таратқан мәлімдемесінде.

Алматының ауданаралық әкімшілік соты 21 тамызда Ермек Нарымбаевты 20 тәулікке әкімшілік қамауға алуға шешім шығарған. Судья белсендіге «сотты құрметтемегені үшін» 5 тәулік және «митинг ұйымдастырғаны үшін» 15 тәулікке – жиыны 20 күн кескен.

Майна Киаи бұған қоса абақтыда жатқан Нарымбаевтың денсаулығы "күрт нашарлады" деген ақпарат алғанын айтып, белсендінің денсаулығына қатысты да алаңдаушылық білдірген. "Мен Нарымбаевтың денсаулығына және ол тиісті медициналық көмек ала алды ма деп алаңдап отырмын" деген БҰҰ өкілі.

"Қазақстан адам құқын қорғаушыларды өз қызметтеріне байланысты қандай да бір қудалау, доқ көрсету мен кек алудан қорғауы тиіс" дейді Майна Киаи.

Ермек Нарымбаев Қазақстан президенті, үкіметі мен ұлттық банк жетекшісінің отставкаға кетуі, зейнетақыны индексациялау, теңге бағамын 2014 жылғы қаңтардағы деңгейіне қайтару, табиғи ресурстарды, оларды өндіретін кәсіпорындарды мемлекет иелігіне алу, жұмыстан жаппай босату мен қысқартуды доғару және басқадай талаптарды билікке тапсыру үшін тамыздың 20-сы күні Алматыдағы Тәуелсіздік ескерткіші жанына келетіні әлеуметтік желіде хабарланған. Сол күні оны «Әділеттілік үшін» қоғамдық бірлестігі жалдап отырған кеңседен полиция қызметкерлері ұстап әкетіп, кейін сот шешімімен абақтыға жабылған.

XS
SM
MD
LG