Тәжікстан қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары, қашқын генерал Абдухалим Назарзода тірі, бірақ оның жасырынған жерін анықтаған билік күштері қоршауға алған. Бұл туралы ресейлік ТАСС агенттігі үкімет операциясынан хабардар дереккөзіне сілтеме жасап хабарлады. Тәжікстанның Рамит шатқалында генерал Назарзоданы іздестіру операциясы қыркүйектің 4-інен бері жалғасып жатыр.
Бұған дейін бірқатар ақпарат құралдары бүлікші генералдың көзі жойылған деген хабар таратқан еді. Бірақ жергілікті билік орындары генерал Назарзоданың өлгені рас па деген сауалға жауап беруден бас тартқан.
Оныншы тәулікке жалғасқан операция барысында 100-ден аса адам ұсталып, 20-ға жуық күдікті мерт болғаны хабарланды. Құқық органдары жағынан 9 адам қаза тауып, оннан аса адам жараланған.
Бұл операция Душанбеде Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше елдер басшыларының саммиті басталатын күннің (қыркүйектің 15-і) қарсаңда жүргізіліп жатыр.