Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Чилиде күшті жер сілкінісі болды

Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Чилидің қуатта жер сілкінісі болып, Чили мен Перу, Жаңа Зеландия, Гавай аралдары мен Калифорния жағалауларында цунами тұру мүмкін деп ескерту жасалды.

АҚШ геологиялық қызметінің мәліметінше, 16 қыркүйекте болған зілзала қуаты 8,3 магнитуданы құраған. Чили үкіметі жер сілкінісі мен одан кейінгі бірнеше афтершоктан бес адам қаза тауып, бір адам із-түзсіз жоғалғанын, бір миллионға жуық адам эвакуацияланғанын хабарлады.

Чилидің жағалаудағы қалаларында биіктігі үш метрге жететін цунами тұрған.

Зілзаладан Чили астанасы Сантьягода ғимараттар теңселіп, тұрғындар көшеге шығып кеткен. Зілзала дүмпуі Аргентина астанасы Буэнос-Айрес қаласында да сезілген.

Тынық мұхиты бассейні - Оңтүстік Америкадан Шығыс Азиядағы Аляска және Камчаткаға дейінгі аймақ тектоникалық тұрғыдан тұрақсыз, сеямикалық белсенді аймақ саналады.

2011 жылы наурызда Жапонияның солтүстік-шығыс аудандарында, әсіресе Фукусима префектурасында күшті жер сілкінісі мен цунами салдарынан 18 мыңға тарта адам қаза тапқан еді.

Басқа да жаңалықтар

Литва Ресейдің арнайы қызметін IKEA дүкені қоймасына өрт қойды деп айыптады

Литва билігі Ресейдің әскери барлау қызметін (ГРУ) 2024 жылы Вильнюстегі IKEA дүкенінің қоймасын өртеп жіберуге қатысы бар деп айыптады. Бұл туралы дүйсенбі, 17 наурыз күні баспасөз мәслихатында прокуратура өкілі мәлімдеді.

Тергеу орындары IKEA-дағы өртті террорлық акт ретінде қарастырып отыр. Өртті ұйымдастырған екі Украина азаматын (біреуі кәмелетке толмаған жасөспірім) Ресейдің арнайы қызметтері жалдаған деп есептейді.

Қылмысты тікелей жасаған деген күдікке ілінгендердің үстінен қозғалған іс сотқа жіберілді, бірақ тергеу әлі жалғасып жатыр. Прокуратура Ресейдің әскери барлау қызметі құрған арнайы топ Литва, Польша және Латвияда өрт қою мақсатында әрекет еткен деп мәлімдеді.

"Тек кездейсоқ жағдай мен қызметкерлердің қырағылығы, сондай-ақ өрт сөндірушілердің уақытында жетуі сауда орталығын толықтай жойылып кетуден аман сақтап қалды", – деді прокуратура өкілі.

Литваның тергеу органдары бұл қылмысты Польшадағы әріптестерімен бірлесіп тергеп жатыр. Күдіктілердің бірі сол елде ұсталған. Литва прокуратурасының өкілдері Вильнюстегі IKEA қоймасында шыққан өртті және Польшадағы сауда орталықтарының өртенуін бір топ ұйымдастырғанын, олардың іс-әрекетін, тергеу тұжырымы бойынша, Ресейдің арнайы қызметтері үйлестірген деп есептейді.

Биыл 9 мамыр түнде Вильнюстегі IKEA қоймасында өрт шыққан. Адамдар жапа шекпеген, бірақ қоймаға айтарлықтай зақым келген, оның көлемі 500 мың еуроға бағаланып отыр.

Былтыр мамыр айында Варшавада 1400 дүкені бар ірі сауда орталығы өртенді. Польшаның премьер-министрі Дональд Туск сол кезде "бұған Ресейдің арнайы қызметтерінің қатысы бар болуы әбден мүмкін" деп мәлімдеген. Өрт қоюға немесе оны ұйымдастыруға күдікті ретінде 9 адам ұсталып, кейін тағы үш адам қамауға алынған.

Тусктың айтуынша, олардың кейбірі қылмыс әлемінің өкілдері және Беларусь, Польша мен Украина азаматтары. 2024 жылдың бірінші жартысында Еуроодақтағы басқа да бірқатар елде өрт болды және қауіпсіздік қызметтері өрт оқиғалары жоспарлы түрде жүзеге асырылған болуы мүмкін екенін айтқан. Мәскеуде өрттер туралы ешкім ешқандай пікір білдірген жоқ я Ресейдің арнайы қызметтерінің оған қатысы барын жоққа шығарған.

Грузия соты қамаудағы Михаил Саакашвилиге тағы 4,5 жыл түрме жазасын кесті

Михаил Саакашвили
Михаил Саакашвили

Тбилиси соты Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвилиді 2021 жылы шекараны заңсыз кесіп өткені үшін төрт жарым жылға еркіндігінен айыру туралы үкім шығарды. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, Саакашвили сот отырысына қатыспаған.

2021 жылғы 1 қазанда Михаил Саакашвили Грузияға, яғни содан сегіз жыл бұрын кеткен елге оралды. Сол кезде грузин құқық қорғау органдары бұрынғы президентті ұстап алып, оған шекараны заңсыз кесіп өтті деген айып таққан.

Грузияның тергеу органдарының дерегі бойынша, Саакашвили Украинаның Черноморск қаласынан Грузияның Поти портына бет алған "Вильнюс" деп аталатын кемеде болған. 2021 жылғы 29 қыркүйекке қараған түні кеме портқа кірген соң, одан сүт өнімдері тиелген тіркемесі бар трейлер шыққан, Саакашвили соның ішінде болған.

Өткен аптада Тбилиси соты Грузияның бұрынғы президентін 2009-2013 жылдар аралығында "бюджет қаражатын талан-таражға салғаны үшін айыпты" деп танып, тоғыз жылға бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Саакашвилидің "Біртұтас ұлттық қозғалыс" партиясы үкімнің саяси астары бар деп баға берді.

Саакашвили қазір "қызмет өкілетін асыра пайдаланғаны" үшін сот кескен алты жылдық жаза мерзімін өтеп жатыр. Қазір 2007 жылғы 7 қарашада болған оқиғаларға байланысты оның үстінен қозғалған іс бойынша тергеу жүріп жатыр. Ол кезде Саакашвили Грузия президенті болатын, билік оппозиция митингісін күшпен тарқатқан еді. Қамауда болған кезінде бұрынғы президент бірнеше рет аштық жариялап, денсаулық жағдайы нашарлағанын айтқан.


Еуроодақ өкілдері Азаттық радиосының жағдайын талқыламақ

Азаттық радиосының белгісі бар микрофон
Азаттық радиосының белгісі бар микрофон

Еуропа одағына мүше елдердің сыртқы істер министрлері Брюссельде 17 наурызда өтетін жиында Украинадағы соғыстан басқа, Таяу Шығыстағы жағдай мен басқа да мәселелерді, соның ішінде Азат Еуропа/Азаттық радиосының (АЕР/АР) қызметін қаржыландыруға АҚШ Конгресі мақұлдаған гранттың күшін жоюға байланысты мәселені талқылайтын болады. Бұл туралы АЕР/АР тілшісі хабарлады.

Мәлімдеменің жобасы

Азат Еуропа/Азаттық радиокорпорациясының штаб-пәтері Чехияның астанасы Прага қаласында орналасқан. Чехияның сыртқы істер министрі Ян Липавский жексенбіде жасаған мәлімдемесінде АЕР/АР және "Америка дауысы" медиалары қызметінің маңызын айта келе, оларды авторитаризм жағдайында өмір сүріп жатқан халықтарға "шамшырақ" іспеттес деп атады.

Чехия өкілдері Еуроодақтағы әріптестеріне АЕР/АР-ды қаржыландыру мәселесіне байланысты алаңдап отырғаны туралы мәлімдеменің жобасын таратты (құжат редакцияда бар). Онда аталған медианың кезінде "темір шымылдықтың" қоршауында қалған елдерде тұратын халыққа ондаған жылдар бойы объективті ақпарат жеткізгені және "бүгінгі күні еркін баспасөзі жоқ немесе қызметі шектелген аймақтарда тұрып жатқан жүздеген миллион адамға тәуелсіз, нақты ақпарат таратуды жалғастырып келе жатқаны" айтылған. Бұған қоса, АЕР/АР өз қызметімен Еуропаның қауіпсіздігін нығайтып отырғанын, ал оның жұмысы тоқтаса, бұл "Еуропаға қарсы күштерге сыйлық болатынын" атап көрсеткен. Жобада АЕР/АР-ға қызметін жалғастыруға мүмкіндік беретін қаржы іздеп табуға ниетті екені жазылған, бірақ оның егжей-тегжейі келтірілмеген. Бұл мәлімдемені қанша ел қолдап, қосылатыны да әзірге белгісіз.

АЕР/АР және "Америка дауысы" медиаларын қолдау

АЕР/АР және "Америка дауысы" медиаұйымдарына қолдау білдіріп жатқандар арасында көптеген америкалық және халықаралық журналистік ұйымдар, соның ішінде Ұлттық баспасөз клубы, "Шекарасыз тілшілер" ұйымы, Журналистерді қорғау комитеті, т.с.с. бар. Сол сияқты, шетелде жұмыс істейтін ресейлік тәуелсіз медиалар да Азаттық радиосына қолдау танытқан.

Қазақстандық саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт "Азаттық радиосы қызметін тоқтатса, Қазақстанның жоғалтатыны өте көп" дейді. "Азаттық радиосы қызметін тоқтатса, елімізде "Заң мен тәртіп диктатурасының" көкесі сонда болады. Ол отызға жуық саяси тұтқынның қазіргі шарасыз күйін алда бүкіл қазақ қоғамы кешеді деген сөз", – деп жазды ол telegram-каналында.

"Новая Газета – Европа" басылымы Азаттық радиосын қолдайтынын мәлімдеп, "қазіргі уақытта бұл Ресей аймақтарындағы оқиғалар туралы цензурадан ада маңызды ақпарат көзі, ол тек Ресей тұрғындары үшін ғана емес, сонымен бірге соғыстың аяқталуын қалайтын бүкіл демократиялық әлем үшін маңызды" деп жазған. "Дождь" телеарнасының бас редакторы Тихон Дзядко Азаттық радиосы мен "Настоящее Время" арнасы тек Ресей емес, Беларусь сияқты елдерде де азаматтық қоғам үшін маңызды рөл атқарып отырғанын айтқан.

Трамптың шешімі және АЕР/АР-ны қаржыландыру

АҚШ президенті Дональд Трамп 14 наурызда жеті федералдық агенттікте қысқарту жүргізуді көздейтін "Федералдық бюрократияны қысқартуды жалғастыру туралы" жарлыққа қол қойды. Қысқарту ұсынылған мекемелер арасында Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиакорпорациясына және өзге де ақпарат таратушыларға жетекшілік жасайтын АҚШ-тың ғаламдық медиа жөніндегі агенттігі де (USAGM) бар.

Жарлық жарияланғаннан кейін бірнеше сағаттан соң USAGM-нен жолданған хатта АЕР/АР қызметін қаржыландыруға деп бөлінген, АҚШ Конгресі мақұлдаған гранттың тоқтатылғаны жазылған. Хатқа өз лауазымын "USAGM бас директоры міндетін уақытша атқарушы аға кеңесші" деп көрсеткен Кэри Лейк қол қойған. Бұған қоса, "Америка дауысы" іс жүзінде жұмысын тоқтатқаны және қызметкерлерінің көбі әкімшілік демалысқа жіберілгені белгілі болды.

USAGM сайтында Лейктің атынан жарияланған мәлімдемеде Трамп әкімшілігі қабылдаған шешімдер америкалық салық төлеушілердің ақшасы тиімсіз жұмсалғаны, USAGM агенттігі жұмысындағы қауіпсіздік хаттамалары бұзылғаны, агенттікте жемқорлық болуы мүмкін деген күдік және нақтыланбаған әрі саяси бұрмаланған ақпараттың тарауы себеп болды деп түсіндірілген. Бұрын Трампқа жақын кәсіпкер Илон Маск USAGM-ді "радикалды солшыл" насихат таратады деп айыптап, мұндай ұйымның өзін тарату қажет деп айтқан.

Лейктың мәлімдемесінде жаңа әкімшіліктің USAGM-ді толығымен тарату жоспары жоқ екені айтылған. Қабылданған шаралар "АҚШ-тың ұлылығын қалпына келтіру және еркіндік пен демократияны ілгерілету", агенттіктің "негізгі миссиясын жетілдіру" мақсатын көздейді деп түсіндірілген.

АЕР/АР президентінің мәлімдемесі

Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиа корпорациясының президенті әрі бас атқарушы директоры Стивен Капус сенбі күні кешке жасаған мәлімдемесінде грантты тоқтату "Американың жауларына үлкен сыйлық болатын болды" деген.

"Ирандағы аятоллалар, қытайлық коммунистік басшылар және Мәскеу мен Минскідегі автократтар 75 жылдан кейін Азат Еуропа/Азаттық радиосының таратылғанын тойлайтын болды. Қарсыластарымыздың қолына жеңісті тапсыру оларды күшті етіп, Американы әлсіретеді", – деді Стивен Капус.

USAGM туралы ақпарат

USAGM – апта сайын 360 миллионнан астам адамға 50-ге жуық тілде жаңалық хабар тарататын ұйымдарды қадағалайтын АҚШ-тың тәуелсіз мемлекеттік агенттігі. USAGM-нің 2025 жылға арналған бюджеттік өтінімі – 950 миллион доллар. Бұл оның барлық операциялары мен инвестицияларын қаржыландыру үшін қажет.

Азат Еуропа/Азаттық радиосы – АҚШ Конгресі бөлген грант есебінен USAGM арқылы қаржыландырылатын тәуелсіз медиакорпорация. Азаттық радиосы жұмысын 1953 жылғы 1 наурызда бастаған. Орталық Азия елдері тілдерінде (арасында қазақ тілі де бар) хабар тарататын Түркістан редакциясы 1953 жылғы 1 наурызда алғаш рет эфирге шығып, жұмысын бастаған еді. Қазіргі таңда оның әлеуметтік желілердегі, телевизиялық және радио эфирлеріндегі аудиториясы ондаған елде миллиондаған адамды қамтиды.

Саратов соты фотограф Нұрлан Сұлтановты Навальныйдың суреті үшін бес күнге қамады

Фотограф Нұрлан Сұлтанов (оң жақта) пен қорғаушысы Кирилл Румянцев сотта отыр. Ресей, Саратов, 16 наурыз, 2025 жыл.
Фотограф Нұрлан Сұлтанов (оң жақта) пен қорғаушысы Кирилл Румянцев сотта отыр. Ресей, Саратов, 16 наурыз, 2025 жыл.

Жексенбі, 16 наурыз күні Ресейдің Саратов қаласының Фрунзе аудандық соты фотограф Нұрлан Сұлтановты ресейлік оппозиционер, марқұм Алексей Навальныйдың суреті үшін "тыйым салынған символиканы көрсету" бабымен бес күнге қамауға үкім шығарды. Бұл туралы 164.ru басылымының тілшісі сот залынан хабарлады.

16 ақпанда, саясаткердің түрмеде жұмбақ жағдайда қаза болғанына бір жыл толған күні Сұлтанов Саратов қаласындағы Вавилов ескерткішіне гүл мен Навальныйдың суретін алып барған. Ол суретті ескерткішке жапсырған, бірақ полиция қызметкерлерінің талабынан соң оны алып тастаған деп хабарлады "ОВД-Инфо".

Шамамен бір ай өткенде, 14 наурыз күні Ресей полициясы Сұлтановты ұстады. Оған дейін полиция оған телефон соғып шақыртқан, бірақ фотограф барудан бас тартқан. Сосын өзін модельмін деп таныстырған әлдебіреу Сұлтановқа телефон шалып, өзін суретке түсіру үшін студияға келуін өтінген. Бірақ студияға әлгі адам емес, полиция қызметкерлері барып, фотографты ұстаған деп жазды "ОВД-Инфо".

Сот отырысы кезінде Нұрлан Сұлтанов "мені полиция қызметкерлері ұстағаннан кейін моральдық және физикалық қысым көрсетті" деп мәлімдеген. Бұған қоса ол "Алексей [Навальныйдың] бейнесі ешбір жерде экстремистік символика реестріне енгізілмегенін" атап айтқан.

"Менің қорғауымдағы адамның айтуынша, полиция қызметкерлері оған ішінен және мойнынан ұрып-соғып, дөрекі мінез көрсетіп, кінәсін мойындауын және қажет айғақтар беруін талап еткен", – деді Сұлтановты сотта қорғаған адвокат Кирилл Румянцев.

Сотта полиция қызметкері Константин Горюнов 16 ақпанда фотоға және видеоға түсіргенін және ондай жұмыстар полиция басшылығының бұйрығымен "ерекше және елеулі күндері" атқарылатынын айтты деп жазды 164.ru басылымы. Бұған қоса полиция өкілі Ресейде Навальныйдың суреті экстремистік символика болып саналатын сот тәжірибесі бар деп мәлімдеген. Бірақ Горюнов Навальныйдың суретін экстремистік символика деп ресми түрде таныған сот шешімі барын я жоғын білмейтінін айқан.

  • Алексей Навальный (1976-2024) – Ресейдің ең танымал оппозиционерлерінің бірі және Ресей президенті Владимир Путиннің қарсыласы. Ол бірнеше саяси бап бойынша ұзақ мерзімге түрме жазасына кесілген. Навальный былтыр 16 ақпанда Ресейдің Ямал-Ненец автономды округіндегі "Полярный волк" колониясында қайтыс болды. Оппозиционердің өлімі туралы жазылған қорытындыда оның ажалы "табиғи жайттардан" болған деп көрсетілген, алайда жақтастары түрмеде қысымды көп көрген Навальныйды өлтіріп тастаған деп есептейді.
  • Навальный өлгеннен кейін де Ресейдің қаржы мониторингі агенттігінде терроризм мен экстремизмге қатысы бар тұлғалар тізімінде қалды. Жақында осы мекеме марқұм саясаткерді тізімнен алып тастау туралы берілген өтінішті қабылдамады. Оның себебін "Навальныйға қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылғаны туралы ақпарат түспегендігімен" түсіндірген. Ресейде марқұм Алексей Навальныйдың бейнесіне бола адамдарды қудалау оқиғалары бірнеше рет тіркелген.

Дональд Трамп Владимир Путинмен 18 наурызда сөйлесетінін мәлімдеді

АҚШ президенті Дональд Трамп
АҚШ президенті Дональд Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен сейсенбі, 18 наурыз күні сөйлесуді жоспарлап отыр. Бұл хабарды Трамп журналистерге Флоридадан Вашингтонға ұшып бара жатқан кезде ұшақта айтты, деп хабарлады Reuters.

Трамптың сөзінше, өткен демалыс күндері көп жұмыс атқарылған.

"Бұл соғысты тоқтатуға шамамыз келе ме, соған көз жеткізгіміз келеді. Мүмкін келер, мүмкін келмес. Бірақ менің ойымша, бізде өте жақсы мүмкіндік бар", – деген АҚШ президенті.

Журналистермен әңгіме барысында Трамп келіссөздерде сонымен қатар "жер" мен "электр стансалары" туралы талаптар болатынын атап айтты. Бұл сөз қазіргі таңда Ресей әскері басып алған аумақта орналасқан Запорожье атом электр стансасы жайлы болуы мүмкін, деп жазды британдық ВВС медиасы.

"Менің ойымша, бұл жайттардың көбі қазірдің өзінде екі тараптың – Украина мен Ресей арасында талқыланып жатқан болуы мүмкін. Біз қазір осы мәселелерді, соның ішінде белгілі бір активтерді бөлу жайын да айтып жатырмыз", – деді Дональд Трамп.

16 наурыздда Трамптың арнайы өкілі Стивен Уиткофф АҚШ президенті Ресей басшысымен Украинадағы соғысты аяқтау және келісімге қол жеткізу жөнінде осы аптада сөйлесуі мүмкін деп айтқан. Уиткофф жақында Мәскеуде болған, ал оған дейін Сауд Арабиясындағы Жидда қаласында АҚШ пен Украина делегациялары арасында өткен келіссөзге қатысқан.

Мәскеудегі келіссөздерді Трамптың арнайы өкілі "позитивті" деп бағалап, Ресей мен АҚШ арасында "позициялар жақындай" түскен деп мәлімдеген.
Жиддадағы кездесудің қорытындысы бойынша Киев Вашингтонның ұсынысын – Ресеймен соғысты 30 күнге толық тоқтата тұру туралы бітім жасасуға келіскен. Бұл мерзім кейін тағы ұзартылуы мүмкін. Путин бұл идеяны принципті түрде жоққа шығарған жоқ, бірақ Мәскеудің бірқатар талабымен байланысты "кейбір нюанстар" барын айтқан.

Әзірге екі тарап атысты тоқтату туралы ешқандай бітім жасаған жоқ, Украинада соғыс жалғасып жатыр. Киев Мәскеуді бітімге келуге құлықсыз және қақтығысты бейбіт жолмен реттеуге қарсы деп айыптап отыр.

Трамп пен Путин осы аптада сөйлеседі деген хабар тарады

Дональд Трамп, Владимир Зеленский және Владимир Путиннің суреттерінен коллаж
Дональд Трамп, Владимир Зеленский және Владимир Путиннің суреттерінен коллаж

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы соғысты бейбіт жолмен тоқтату және бітімге келу мәселесін талқылау үшін осы аптада сөйлесуі мүмкін. Бұл туралы жексенбі күні CNN арнасы эфирінде Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф айтты. Ол жақында Мәскеуде болған және оған дейін Сауд Арабиясында Украина делегациясымен өткен келіссөзге қатысқан.

Уиткофф Мәскеуде Ресей президенті Путинмен "позитивті" келіссөз жүргізгенін және екі ел президенттерінің алдағы әңгімесі де "жақсы әрі оңды" болады деп үміттенетінін айтты. Ол Вашингтон мен Мәскеудің ұстанымдары "жақындап келеді" деп сипаттады. Уиткофф Путинмен бірнеше сағат сөйлескенін, өзінде Ресей басшысы Украинадағы атысты тоқтату қажеттілігі туралы Трамптың "философиясын қабылдаған" сыңайлы деген пікір қалыптасқанын айтты. Уиткоффтың пікірінше, бұл мәселеге байланысты келісімге алдағы бірнеше аптада қол жетіп қалуы мүмкін.

Жиддадағы кездесуден кейін

Өткен аптада АҚШ пен Украина делегациялары Сауд Арабиясының Жидда қаласында келіссөз өткізіп, Киев Вашингтонның ұсынысына – Ресеймен соғысты 30 күнге толық тоқтату туралы бітімге келуге келіскен. Ұсыныс бойынша, мұндай бітімнің мерзімі ұзартылуы мүмкін.

Путин бұл идеяны принципті түрде жоққа шығарған жоқ, бірақ Мәскеудің бірқатар талабымен байланысты "кейбір нюанстар" барын айтқан.

Әзірге екі тарап атысты тоқтату туралы ешқандай бітім жасаған жоқ, Украинада соғыс жалғасып жатыр. Киев Мәскеуді бітімге келуге құлықсыз және қақтығысты бейбіт жолмен реттеуге қарсы деп айыптап отыр.

Украинаның Ресей басып алған аумақтары

Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майк Уолтц жексенбі күні ABC арнасының сұрақтарына берген жауабында егер Ресей бітімнен бас тартса, АҚШ оған қысым жасауы мүмкін екенін жоққа шығармады.

Бұған қоса Уолтц бейбіт процесте Украинаға да белгілі бір талаптарға көнуге тура келеді деп мәлімдеді. Атап айтқанда, әңгіме Украина қауіпсіздік кепілдіктеріне ие болу үшін бірқатар аумақтардан бас тартуға келісуі керектігі жайлы болып отыр. Уолтц ол нақты қандай аумақтар екенін ашып айтқан жоқ. Украина басшылығы Ресей басып алған аумақтардан заңды түрде бас тартуға үзілді-кесілді қарсы, бірақ әскери жолмен оларды қайтару идеясынан бас тартуға келісуі мүмкін екенін жоққа шығармаған.

Британдық The Independent газеті жексенбі күні украиналық дереккөздерге сүйеніп, Украина қалай болғанда да Ресейге қосымша аумақтар беруге келіспейді жазды. Бұған дейін Владимир Путин Украина Ресей өз құрамына қосып алғанын жариялаған Донецк, Луганск, Херсон және Запорожье облыстарын берсін деген талап айтқан. Қазіргі уақытта майдан сызығы осы аумақтар арқылы өтеді, бірақ олардың ешқайсысы толықтай Ресейдің бақылауында емес.

Украинаның НАТО-ға кіруі жайлы

Бұл жайттарға қоса, АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майк Уолтц Украинаның НАТО құрамына кіру мүмкіндігін "өте аз" деп айтты, АҚШ пен олардың одақтастары да осы пікірді қолдайды.

Киев НАТО-ға қосылу идеясынан ресми түрде бас тартқан жоқ және әскери-саяси альянстың құжаттарында Украина болашақта оған қосылады деп жазылған, бірақ оның іске асатын нақты мерзімі көрсетілмеген.

Зеленский Украина қарулы күштері бас штабының жаңа басшысын тағайындады

Андрей Гнатов
Андрей Гнатов

Украина президенті Владимир Зеленский елдің қарулы күштері бас штабының басшысы қызметіне генерал-майор Андрей Гнатовты тағайындады. Бұл туралы жарлық президенттің ресми сайтында жарияланды.

Бұған дейін бас штаб бастығы лауазымында болған Анатолий Баргилевич енді Украина қорғаныс министрлігінің бас инспекторы болады. Бас штабтың мәліметінше, ол армиядағы реформаларды бақылап, қадағалайды. Қорғаныс министрі Рустем Умеров Баргилевич жаңа қызметінде әскери стандарттар сақталуын қамтамасыз ету және әскери тәртіпті нығайту үшін жауапты болады деген.

Умеровтың айтуынша, генерал Гнатовтың әскери салада 27 жылдан артық тәжірибесі бар. Ол теңіз жаяу әскері бригадасын, "Шығыс" өңірлік қолбасшылығы әскерін және Украина қарулы күштерінің біріккен күштерін басқарған. Ақпан айының аяғында Гнатов Украина қарулы күштері бас штабы бастығының орынбасары болып тағайындалған еді.

Жаңа қызметінде Гнатовтың міндетіне "қарулы күштердегі басқару вертикалінің тиімділігін арттыру, әсіресе корпус құрылымын қайта ұйымдастыру және енгізу, жоғарғы қолбасшының шешім қабылдау және оларды жүзеге асырудағы жедел іс-қимылды қамтамасыз ету, сондай-ақ әскери тәжірибені жоспарлау мен әскер басқаруда қолдану" жатады, деп хабарлады бас штаб.

Ресей Украинаға қарсы кең ауқымды әскери басқыншылық бастағаннан бері Украина қарулы күштері бас штабының басшысы осымен екінші рет ауысты. Былтыр Баргилевич генерал Сергей Шапталуды алмастырған, ол кезде Валерий Залужный Украина қарулы күштері бас қолбасшысы лауазымынан босатылған еді.

Ал қазір Украина президенті бас штаб басшысын Ресей әскері Курск облысында шабуылды үдеткен және АҚШ ұсынып, ресми Киев қолдаған бітімгершілік келісіміне байланысты талқылар болып жатқан шақта ауыстырып отыр.

Солтүстік Македонияда клубтағы өрттен 50-ден астам адам мерт болды

Кочани қаласындағы өрт шыққан клуб. Солтүстік Македония, 16 наурыз, 2025 жыл.
Кочани қаласындағы өрт шыққан клуб. Солтүстік Македония, 16 наурыз, 2025 жыл.

Солтүстік Македонияның солтүстік-шығысындағы Кочани қаласындағы клубта болған өрт салдарынан, кейінгі деректерге сәйкес, 50-ден астам адам қаза тауып, 100-ден астамы ауруханаға түскен.

Зардап шеккендердің бір бөлігі Штипе және Скопье қалаларындағы ауруханаларға жеткізілді. Жергілікті тұрғындардың кейбірі өрттен кейін туыстарымен байланысқа шыға алмай қалғанын айтып отыр, деп хабарлады Азаттықтың Балқан қызметі.

Алдын ала мәліметтер бойынша, клубта өрттің шығуына DNA тобының концерті кезінде пиротехникалық құралдар қолданылуы себеп болған.

Солтүстік Македонияның ішкі істер министрі Пансе Тошковски журналистерге пиротехникалық құралдардың ұшқындары төбедегі тез тұтанатын материалдан жасалған қаптамаға тиіп, содан өрт шыққан болуы мүмкін деген болжам барын айтты. Бірнеше минут ішінде ғимараттың іші өртке оранып, қою түтін басқан.

Кочаниге елдің премьер-министрі Христиан Мицкоски және үкімет мүшелері барды.

Көп адамның қазасына себеп болған төтенше оқиғаға байланысты клуб иесі деп болжанған бір адам ұсталған. Ішкі істер министрлігі шараны ұйымдастырушылардан жауап алуға кіріскен.

Гренландияда Трамптың аралды сатып алу туралы идеясына қарсы акция өтті

GREENLAND-PROTEST/
GREENLAND-PROTEST/

Гренландия астанасы Нуукта шамамен 800 адам АҚШ президенті Дональд Трамптың аралды аннексиялау туралы идеясына қарсылық білдіріп, митинг өткізді.

Жергілікті саяси жетекшілер де қатысқан наразылық акциясы АҚШ консулдығы ғимаратының алдында аяқталды. Шараға қатысушылар Гренландияның ұлттық әнұранын орындап, елдің кішкентай туын қарға қадады.

Митингіге Гренландияның қазіргі премьер-министрі Муте Эгеде мен аралдың парламенттік сайлауында көпшіліктің қолдауына ие болған "Демократтар" партиясының жетекшісі Йенс-Фредерик Нильсен қатысты.

Медиа мен әлеуметтік желілерде тараған суреттерде "Make America Go Away" ("АҚШ-ты кетіруге мәжбүр етеміз") деген ұран жазылған плакаттар көрінеді. Бұл Трамптың "Make America Great Again" ("АҚШ-ты қайтадан ұлы етеміз") деген ұранына сарказм ретінде жасалған. Оған қоса, акцияда "Біз сатылмаймыз" және "Жоқ деген сөз – жоқ! Бізге қауіп-қатер төндірме!" деген жазулар да болған.

Жексенбі күні Гренландияның Сисимиут қаласында да наразылық акциясы өтті.

  • Бұған дейін Дональд Трамп Гренландияны АҚШ аумағына қосу үшін оны сатып алуды немесе басқа тәсілдермен қосуға ниетті екенін мәлімдеген. 24 қаңтарда Трамп осы мәселе бойынша Дания премьер-министрі Метте Фредериксенға телефон шалып сөйлескен. Екеуінің әңгімесі "қатты" болды деген ақпараттар тараған. Ал Гренландия премьер-министрі Муте Эгеде Гренландия "сатылмайды" деп жауап қайырды.
  • Гренландия – Дания құрамындағы автономды аймақ. Ол өз іс-әрекеттерін басқаруға құқылы. Копенгаген сыртқы саясат пен қауіпсіздік мәселелерін анықтайды, ал қаржы мәселелері арал үкіметінің қатысуымен шешіледі.
  • Табиғи ресурстарға бай аралда шамамен 57 мың адам тұрады. Гренландияда АҚШ-тың үлкен әскери базасы орналасқан.

Журналистерді қорғау комитеті Конгресс жетекшілерін USAGM-ді қорғауға шақырды

Журналистерді қорғау комитеті (Committee to Protect Journalists) АҚШ-тың Конгресс жетекшілерін USAGM-ді Трамптың пәрменінен қорғауға шақырды.

"Бүкіл әлемдегі авторитарлық режимдердің нарративтеріне қарсы тұрып келген, тәуелсіз журналистиканы қолдайтын, Конгресс қаржыландыратын агенттікті Ақ үйдің жоюға тырысып жатқаны ашындырады" деді комитеттің бағдарламалық директоры Карлос Мартинес де ла Серна 15 наурыз күнгі мәлімдемесінде.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп жеті федералдық агенттікте қысқарту жүргізуге бағытталған жарлыққа қол қойған. Қысқарту ұсынылған мекемелер арасында Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиакорпорациясы және өзге де ақпарат таратушыларға жетекшілік жасайтын АҚШ-тың ғаламдық медиа жөніндегі агенттігі де (USAGM) бар.

Құжатқа қарағанда, бұйрық шығарылған күннен бастап 7 күн ішінде әрбір агенттіктің жетекшісі президент әкімшілігінің бюджет басқармасына Трамптың жарлығын орындап жатқанын куәландыратын есеп беруі керек.

Осы аптаның соңында Трамптың жарлығы жарияланғаннан кейін бірнеше сағаттан соң ақпарат құралдары Азат Еуропа/Азаттық радиосын қаржыландыруға бағытталған Конгресс мақұлдаған гранттың тоқтатылғаны жөнінде USAGM-нің хатын таратты.

Хатқа қызметін USAGM-нің бас директоры міндетін атқарушының аға кеңесшісі ретінде көрсеткен, бас директордың міндетін атқарушы қызметі жүктелген Кари Лейк қол қойған.

Трамп Лейкті "Америка дауысының" жетекшісі қызметіне ұсынған. Десе де, оның кандидатурасын хабар тарату жөніндегі халықаралық консультативтік кеңес (International Broadcasting Advisory Board) мақұлдауы керек.

Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиа корпорациясының президенті әрі бас атқарушы директоры Стивен Капус грантты тоқтату "Американың жауларына үлкен сыйлық болатын болды" деді.

"Ирандағы аятоллалар, қытайлық коммунистік басшылар және Мәскеу мен Минскідегі автократтар 75 жылдан кейін Азат Еуропа/Азаттық радиосының таратылғанын тойлайтын болды. Қарсыластарымыздың қолына жеңісті тапсыру оларды күшті етіп, Американы әлсіретеді" деді Стивен Капус мәлімдемеде.

"Біз Азат Еуропа/Азаттық радиосының даңқты тарихында екі партияның қуатты қолдауына ие болып келгенбіз. Бізсіз, апта сайын шынайы ақпарат алу жағынан бізге зәру жабық қоғамдардағы шамамен 50 млн адам Америка мен әлем жайлы шындыққа қол жеткізу мүмкіндігінен айырылады" деді Капус.

USAGM — апта сайын 360 миллионнан астам адамға 50-ге жуық тілде хабар тарататын жаңалықтық ұйымдарды қадағалайтын АҚШ-тың тәуелсіз мемлекеттік агенттігі.

USAGM-нің 2025 жылға арналған бюджеттік өтінімі 950 миллион долларды құрайды. Бұл оның барлық операциялары мен инвестицияларын қаржыландыру үшін қажет. Олардың қатарына «Азат Еуропа/Азаттық Радиосы», «Америка дауысы», «Азат Азия» радиосы, Кубаның хабар тарату кеңсесі (Radio Marti), Таяу Шығыстағы хабар тарату желілері (MBN) және Ашық технологиялар қоры сияқты ақпарат құралдары кіреді.

  • Бірінші президенттік мерзімі тұсында Трамп пен USAGM арасында редакциялық тәуелсіздік және бағдарламалар бағыты бойынша келіспеушілік болған. Екінші мерзімге қызметке оралғаннан кейін Трамп үкімет шығынын қысқарту үшін бірнеше қадам жасады.
  • Хабар тарататын ұйымдарды жақтаушылардың айтуынша, аталған агенттікке қарасты ұйымдар - Америка дипломатиясының маңызды тетігі.
  • Бұйрық USAGM-нен басқа, Федералдық медиация және келісім қызметіне, Смитсон институтының Вудро Вильсон атындағы Халықаралық ғылыми орталығына, Мұражай және кітапхана қызметтері институтына, АҚШ-тың баспанасыздық жөніндегі ведомствоаралық кеңесіне, Қоғамдастықты дамыту қаржы институттары қорына және Азшылықтардың бизнесін дамыту агенттігіне бағытталған.

АҚШ мемлекеттік хатшысы және Ресей сыртқы істер министрі телефонмен сөйлесті

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио (оң жақта) және Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Джиддада.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио (оң жақта) және Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Джиддада.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио және Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров телефонмен сөйлесті.

АҚШ мемлекеттік департаментінің хабарламасына қарағанда Рубио Лавровқа АҚШ Йеменде хуситтерге қарсы әскери операция бастағанын айтқан.

Бұған қоса, Рубио мен Лавров Сауд Арабиясындағы кездесуден кейінгі жұмыстарды талқылап, Вашингтон мен Мәскеу арасындағы қарым-қатынасты қалпына келтіру бойынша жұмысты жалғастыруға келіскен.

Ресей сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Йемен төңірегіндегі жағдайға түсініктеме берген Лавров «бұдан әрі қантөгіске жол бермеу үшін барлық тараптар күш қолдануын дереу тоқтатуы қажет» деп айтқан.

  • 15 наурызда АҚШ президенті Дональд Трамп әскерге Йеменнің солтүстігінің көп бөлігін бақылауда ұстап отырған хуситтердің нысаналарына соққы беруге бұйрық бергенін айтты. Осы жылдың басында Ақ үй хуситтердің «Ансар Алла» қозғалысын террористік ұйым деп таныған.
  • 16 наурыз, жексенбіге қараған түні АҚШ ұшақтары хуситтердің нысаналарына соққы бере бастады. "Ансар Алла" қозғалысының бақылауындағы денсаулық сақтау министрлігі шабуылдан 30-дан астам адам қаза тауып, 100-ден астам адам жараланғанын хабарлады.
  • Марко Рубио мен Сергей Лавров ақпан айында Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядта бетпе-бет кездескен. Сыртқы саясат ведомстволарының басшылары деңгейіндегі кездесу Ресей Украинаға басып кіргелі бері алғаш рет болған. 11 наурызда Рубио Джиддада Киевтің өкілдерімен кездесті.

Француз билігі Павел Дуровқа елден кетуге рұқсат берді

Павел Дуров
Павел Дуров

Telegram мессенжерінің негізін қалаушы Павел Дуров Франциядан кетті. Судья оған бірнеше аптаға елден кетуге рұқсат берді. Бұл жөнінде құпия дереккөзге сүйенген Agence France-Presse агенттігі хабарлады.

AFP мәліметінше, Дуров сенбі күні таңертең Франциядан шығып кеткен. Ол Дубайға барады деген ақпарат бар. Онда Telegram-ның бас кеңсесі бар. Дуров - Біріккен Араб Әмірліктерінің азаматы.

Францияда Дуров Telegram-дағы жазбалармен байланысты бірқатар қылмыстық іс бойынша күдікке ілінген. Миллиардер қамалғаннан кейін Telegram ел үкіметтерінің хаттарына жылдамырақ жауап бере бастаған.

Telegram Дуровтың босатылуына қатысты түсініктеме бермеді. Мессенжер өкілдері кейінірек мәлімдеме жасайтынын айтты.

Белградта мыңдаған адам президент Александр Вучичтің отставкасын талап етті

Белградтың орталық алаңына жиналған халық. 15 наурыз 2025 жыл.
Белградтың орталық алаңына жиналған халық. 15 наурыз 2025 жыл.

Белградта мыңдаған адам президент Александр Вучичтің отставкасын талап етті.

Наразылық акциясына тек Сербия астанасының тұрғындары ғана емес, елдің түкпір-түкпірінен жиналды. Көшеге негізінен студенттер шықты, оларға трактор айдаған фермерлер, мұғалімдер, байкерлер қосылды. Сербия полициясының мәліметінше, акцияға 107 мың адам қатысқан.

Бұған дейін наразыларға қарай бір көліктің кіріп кеткені хабарланған. Полицияның айтуынша, үш адам жараланған, жүргізуші ұсталған.

Сербияда наразылық 2024 жылы 1 қарашада Сербияның Нови-Сад қаласындағы теміржол вокзалы ғимаратының бетон шатыры құлағаннан кейін басталған. Содан 15 адам қайтыс болды. Наразылар қайғылы оқиға сыбайлас жемқорлықтың кесірінен болды деп есептейді. Олар Серб прогрессивті партиясы мен президент Александр Вучичтің отставкаға кетуін және ауыспалуы үкіметтің құруды талап етті.

Трамп Йемендегі хуситтерге соққы жасау туралы бұйрық берді

АҚШ президенті Дональд Трамп әскерге Йеменнің солтүстік бөлігінің басым бөлігін бақылап отырған хуситтердің нысандарына соққы жасау туралы бұйрық бергенін мәлімдеді. Жыл басында Ақ үй ұйымды террористік ұйым деп таныған.

"Ержүрек ұшқыштарымыз қазір кемелерімізді, әуе күштерімізді және флотымызды қорғау және кемелердің еркін қозғалысын қалпына келтіру үшін террористердің базаларына, жетекшілеріне және әуе қорғаныс жүйелеріне соққы беріп жатыр. Ешбір лаңкес америкалық кемелер мен кемелердің еркін жүзуін тоқтата алмайды" деп жазды Трамп Truth желісінде.

Хуситтерге қарсы операция аталған қозғалыс Йемен суы маңында жүзіп бара жатқан израильдік кемелерге шабуылды қайта бастауға уәде бергеннен кейін бірнеше күн өткен соң жарияланып отыр. Қозғалыс мұны Израильдің Газа секторын қоршауға алуына жауап ретінде жасайтынын айтқан. Содан бері кемелерге шабуыл жасалғаны туралы ақпарат түскен жоқ.

Сенбі күні кешке хуситтер бақылауындағы үкімет шенеуніктері Американың әуе соққысынан 9 адам қаза болып, 9 адам жараланғанын хабарлады. Бірнеше жерде жарылыс болған, арасында Сана әуежайы да бар. Хуситтер соққымен жауап беретінін мәлімдеді.

Жаңартылды

Трамп жеті агенттікте қысқарту жүргізу туралы жарлыққа қол қойды. Арасында USAGM де бар

Азат Еуропа/Азаттық радиосының ғимараты
Азат Еуропа/Азаттық радиосының ғимараты

АҚШ президенті Дональд Трамп жеті федералдық агенттікте қысқарту жүргізуге бағытталған "Федералдық бюрократияны қысқартуды жалғастыру туралы" жарлыққа қол қойды. Қысқарту ұсынылған мекемелер арасында Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиакорпорациясы және өзге де ақпарат таратушыларға жетекшілік жасайтын АҚШ-тың ғаламдық медиа жөніндегі агенттігі де (USAGM) бар.

14 наурызда кешке қол қойылған жарлық баспанасыз жүргендер, еңбек дауы және қауымдастықтардың дамуымен айналысатын мекемелерге де қатысты.

"Осы жарлық шығарылған күннен бастап 7 күн ішінде [қол қойылған құжатта] көрсетілген әрбір мемлекеттік органның басшысы басқарма және бюджет басқармасының директорына осы бұйрықтың толық орындалуын куәландыратын және мемлекеттік органның қандай құрамдас бөліктері немесе функциялары, егер олар бар болса, заңнамада көзделген және қандай дәрежеде көзделгенін түсіндіре отырып, есеп ұсынсын" деп жазылған жарлықта.

Жарлық жарияланғаннан кейін бірнеше сағаттан соң ақпарат құралдары Азат Еуропа/Азаттық радиосын қаржыландыруға бағытталған Конгресс мақұлдаған гранттың тоқтатылғаны жөнінде USAGM-нің хатын таратты.

Хатқа қызметін USAGM-нің бас директоры міндетін атқарушының аға кеңесшісі ретінде көрсеткен, бас директордың міндетін атқарушы қызметі жүктелген Кари Лейк қол қойған.

Трамп Лейкті "Америка дауысының" жетекшісі қызметіне ұсынған. Десе де, оның кандидатурасын хабар тарату жөніндегі халықаралық консультативтік кеңес (International Broadcasting Advisory Board) мақұлдауы керек.

Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиа корпорациясының президенті әрі бас атқарушы директоры Стивен Капус грантты тоқтату "Американың жауларына үлкен сыйлық болатын болды" деді.

"Ирандағы аятоллалар, қытайлық коммунистік басшылар және Мәскеу мен Минскідегі автократтар 75 жылдан кейін Азат Еуропа/Азаттық радиосының таратылғанын тойлайтын болды. Қарсыластарымыздың қолына жеңісті тапсыру оларды күшті етіп, Американы әлсіретеді" деді Стивен Капус мәлімдемеде.

"Біз Азат Еуропа/Азаттық радиосының даңқты тарихында екі партияның қуатты қолдауына ие болып келгенбіз. Бізсіз, апта сайын шынайы ақпарат алу жағынан бізге зәру жабық қоғамдардағы шамамен 50 млн адам Америка мен әлем жайлы шындыққа қол жеткізу мүмкіндігінен айырылады" деді Капус.

USAGM — апта сайын 360 миллионнан астам адамға 50-ге жуық тілде хабар тарататын жаңалықтық ұйымдарды қадағалайтын АҚШ-тың тәуелсіз мемлекеттік агенттігі.

USAGM-нің 2025 жылға арналған бюджеттік өтінімі 950 миллион долларды құрайды. Бұл оның барлық операциялары мен инвестицияларын қаржыландыру үшін қажет. Олардың қатарына "Азат Еуропа/Азаттық Радиосы", "Америка дауысы", "Азат Азия" радиосы, Кубаның хабар тарату кеңсесі (Radio Marti), Таяу Шығыстағы хабар тарату желілері (MBN) және Ашық технологиялар қоры сияқты ақпарат құралдары кіреді.

Бірінші президенттік мерзімі тұсында Трамп пен USAGM арасында редакциялық тәуелсіздік және бағдарламалар бағыты бойынша келіспеушілік болған. Екінші мерзімге қызметке оралғаннан кейін Трамп үкімет шығынын қысқарту үшін бірнеше қадам жасады.

Хабар тарататын ұйымдарды жақтаушылардың айтуынша, аталған агенттікке қарасты ұйымдар - Америка дипломатиясының маңызды тетігі.

Жарлық USAGM-нен басқа, Федералдық медиация және келісім қызметіне, Смитсон институтының Вудро Вильсон атындағы Халықаралық ғылыми орталығына, Мұражай және кітапхана қызметтері институтына, АҚШ-тың баспанасыздық жөніндегі ведомствоаралық кеңесіне, Қоғамдастықты дамыту қаржы институттары қорына және Азшылықтардың бизнесін дамыту агенттігіне бағытталған.

Ресей сенбіге қараған түні Украинаға шабуылдады. Кривой Рогта 14 адам жараланды

Кривой Рог қаласындағы шабуылдың салдары, 15 наурыз 2025 жыл (Сергей Лысактың телеграм-арнасы)
Кривой Рог қаласындағы шабуылдың салдары, 15 наурыз 2025 жыл (Сергей Лысактың телеграм-арнасы)

Өткен тәулікте Ресей әскері Украинаның аймақтарына соққы жасады. Херсон облысына 8 басқармалы авиабомба тасталған деп хабарлады аймақтың прокуратурасы. Кемінде бір бейбіт тұрғын қаза болған. Тағы екі адам - бірі 14 жастағы жасөспірім жараланды. Жеке тұрғын үйлер, көлік және азаматтық инфрақұрылым бүлінген.

Ресей әскері Кривой Рогқа соққы жасап, 14 адам зардап шеккен. Үш көпқабатты тұрғын үй бүлінген. Өрт сөндірілген деді Днепропетровск облыстық әскери әкімшілігінің жетекшісі Сергей Лысак.

Одесса облысы Черноморск қаласына дрондармен шабуыл жасалған. Кемінде бір тұрғын зардап шеккен.

Запорожье облысының Украинаға қарайтын бөлігі бір тәулік ішінде 300 рет атқыланған. Көптеген ғимараттардың қирағаны хабарланды. Қаза болғандар мен жараланғандар жөнінде ақпарат жоқ.

Чернигов қаласында ресейлік дрон көп қабатты тұрғын үйге құлап, өрт шыққан. Зардап шеккендер туралы мәлімет жоқ.

Сумы қаласы да жаппай дрон шабуылына ұшырады. Онда электр сымдары үзіліп, ғимараттар бүлінген.

Жергілікті биліктің мәліметінше, Николаев облысына да дрондар шабуылдаған. Аймақ артиллериялық және минометпен атқыланған. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жөнінде мәлімет айтылмайды.

БАҚ: Батыс Қазақстан облысында су деңгейі күрт көтерілген

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданында Шежін-2 өзені қауіпті деңгейден асып кеткен.

“Қазгидромет” дерегінше, өзеннің қауіпті межесі 780 см болса, қазір деңгейі 801 см болған. Бұл жөнінде “Уральская неделя” басылымы жазды.

Бұл өзеннің маңында 1200-ден астам адам тұратын Шежін ауылы бар. Ол - Шежін ауылдық округының әкімшілік орталығы.

Әкімдіктің өкілі басылымға әкім жағалауда жүргенін айтып, “жағдай бақылауда” деп телефон тұтқасын тастай салған. Азаттық әзірге әкімдікке хабарласа алмады.

Тасқала ауданында Деркүл өзені де қауіпті деңгейге аз қалған. Кейінгі тәулікте Жайық пен Жайықтың барлық салаларында су деңгейі күрт көтерілді деп жазды басылым.

Бір күн бұрын қарғын суға байланысты Орал-Белес-Переметное тас жолы жабылған еді.

Тоқаев бюджет кодексіне қол қойды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бюджет кодексіне қол қойды деп хабарлады Ақорда сайты сенбі күні.

"Құжат қаржыны бақылауды күшейту мен тиімділікті арттыруға бағытталған" деп айтылады. Жаңа кодекс мемлекеттік органдардың дербестігі мен жауапкершілігін де арттыруы тиіс.

Ақорда хабарламада құжат жеті түрлі бағыттағы реформаларды қамтитынын жазып, әрқайсысына жеке тоқталған.

"Бюджет процестерінің мерзімдері мен кезеңдері қысқартылды. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің өкілеттіктері мен жауапкершілігін едәуір кеңейту есебінен блоктық бюджет элементтері енгізілді" деп жазылған хабарламада.

Ресми ақпаратқа қарағанда, мемлекеттік органдарға бюджеттік бағдарлама шығыстарының 15 пайызы көлеміндегі қаражатты дербес басқару құқығы берілген. "Мемлекеттік органдар биыл жұмсалмаған бюджет қаржысын келесі жылдың қаңтар айынан бастап пайдалана алады. Бұл шығыстарды үздіксіз қаржыландыруға мүмкіндік береді".

Бұған қоса, құжат мемлекет қаржысын бақылаудағы парламенттің өкілетін күшейтеді.

"Мемлекеттік кепілдіктерді, мемлекет кепілгерліктерін беру лимитін, үкіметтік борыш лимитін және жергілікті атқарушы органдар борышын, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыртқы қарыз лимитін парламент қарастырып, бюджет туралы заңмен бекітеді" деп жазылған хабарламада.

Онда құжат Ұлттық қор қаражатын сақтауға бағыталғаны жазылған.

"Ұлттық қорды пайдалану президент бекіткен мақсатты бағдарлармен шектеледі. Қордың қаражатын ішкі қаржы құралдарына салуға рұқсат етілмейді. Бұл ақшаны бюджеттен тыс пайдалануға жол бермейді. Ұлттық қордың нысаналы трансферті тек жалпыхалықтық маңызы бар нысандар мен жобаларды қаржыландыруға ғана пайдаланылады. Ол үшін тиісті критерийлер енгізілді" деп жазылған.

Құжат елде бюджет тапшылығы артып, оны Ұлттық қор есебінен жабу құбылысы жиілеген шақта қабылданып отыр.

Үкімет Ұлттық қордағы активті 2030 жылға қарай 100 млрд долларға дейін жеткіземіз деп жоспарлаған. 2024 жылдың желтоқсан айында қордағы ақша 60,8 млрд болды. Былтыр Ұлттық қордан мемлекеттік бюджетке алынған қаржы шикізат сатудан түскен ақшадан асып түсті.

АҚШ сенаты үкіметті уақытша қаржыландыратын заң жобасын қабылдады

АҚШ сенаты үкіметке қыркүйекке дейін шатдаун болдырмай, жұмыс істеуге мүмкіндік беретін қысқамерзімдік шығын туралы заң жобасын қабылдады. Оны демократиялық партияның он өкілі қолдады. Мемлекет қорғаныс саласының шығынын сәл көбейтеді.

Жұма күні құжат президент Дональд Трампқа қол қоюға жіберілді.

Заң жобасын 54 сенатор қолдап, 46-сы қарсы болды. Екі демократ республикашылдарды қолдады. Кейбір демократтар бюджет жобасына қарағанда үкімет жұмысының тоқтап қалуынан мемлекет көбірек зардап шегеді деп құжатқа дауыс берген.

Республикашылдар басым көпшілік болып отырған өкілдер палатасы осы аптада заң жобасын қабылдаған. Құжат қорғаныс саласына бөлінетін шығын көлемін шамамен 6,75 триллион доллар көлемінде қалдырады.

Демократтар шығын көлемін шамамен 7 миллиард долларға қысқартатын заң жобасына наразы болды. Олардың пікірінше, құжат ондаған мың жұмыс орнын қысқартуға соқтыруы мүмкін. АҚШ қарулы күштері бұл жолы шамамен 6 миллиард долларға көбірек қаражат алады, ал қорғаныс саласына қатысы жоқ бағдарламаларды қаржыландыру 13 миллиард долларға қысқартылған деп жазды "Америка дауысы" сайты.

 NYT: Ақ үй 43 ел азаматтарының АҚШ-қа кіруіне шектеу қоймақ

АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі 43 ел азаматтарының АҚШ-қа кіруіне түрлі деңгейде шектеу қоюға дайындалып жатыр, біраз бөлігіне елге кіруге толық тыйым салынады деп жазды The New York Times басылымы.

Алдын ала тізімге қарағанда, 11 мемлекет – “қызыл тізімге” енген. Бұл тізімге енген ел азаматтары АҚШ-қа мүлде кіре алмайды. “Қызыл тізімде” – Ауғанстан, Бутан, Венесуэла, Иран, Куба, Ливия, Солтүстік Корея, Сирия, Сомали, Судан және Йемен бар.

“Қызғылт” тізімге 10 ел енгізілген. Бұл елдің азаматтарымен қатаң әңгіме өткізіліп, АҚШ-қа бизнес мақсатта ғана баратындарға рұқсат етілмек. Көші-қон немесе туристік визалар берілмейді. Бұл тізімге Беларусь, Ресей және Түркіменстан енген.

“Сары” категорияға кіретін 22 елге жағдайды өзгертуге 60 күн уақыт берілген. Тізімде негізінен Африка елдері бар.
Аталған шектеу енгізілсе, оның осыған дейін алынған визаларға қатысы бар-жоғы белгісіз.

Трамптың бірінші президенттігі тұсында енгізілген шектеулер мен тыйымды онан кейін Ақ үйге келген Джо Байден инаугурациядан кейін бірден жойған еді. Аталған шектеулер жақын арада күшіне енуі мүмкін екені айтылады.

Зеленский украин әскерінің Курск облысындағы операциясы аяқталғанын мәлімдеді

Владимир Зеленский
Владимир Зеленский

Украина президенті Владимир Зеленский украин әскерінің Курск облысындағы операциясы аяқталғанын мәлімдеді. Бейсенбі, 13 наурызда Ресей әскері Суджа қаласына бақылау орнатқанын хабарлаған. Бұл аумақты украин күштері 2024 жылдың тамызынан бері бақылауда ұстаған еді.

Соғысқа дейін шамамен 5 мың халқы болған Суджа қаласы - Украина басып алған ресейлік ең ірі елді мекен.

Зеленский бұған дейін аумақты басып алу Путин режимінің ақыры символына айналды деген.

"Ресей Путин тұсында қай жаққа қарай жылжып бара жатқанын көріп отырмыз: 24 жыл бұрын Курск апаты болды – бұл оның басқаруының символдық басы еді, ал енді қалай аяқталғанын да көріп отырмыз. Ол да Курскпен аяқталып отыр" деді ол.

Киев өкілдері операцияны "ресейлік азаматтық және әскери басшылықтың шамасыздығының" айқын көрінісі деп атаған. Кейін Украина президенті Курск облысындағы аумақ Ресейдің Украинада басып алған аумақтарымен алмастыру кезінде іске қатады деген.

14 наурызда Украина басшысы журналистерге Украина қарулы күштерінің міндеті Ресей әскерін Покров, Харьков, Сумы бағытынан басқа жаққа қарай бұрып алу кету болғанын жеткізіп, "операция өз міндетін атқарды деп санаймын" деді ол.

Ресей мен АҚШ президенттері Курск облысында украин әскерінің едәуір бөлігінің қоршауда қалғанын мәлімдеген. Соғысты зерттеп жүрген журналистер мұны растаған жоқ. Украина ақпаратты терістеді.

Украиналық Deepstate жобасының мәліметінше, Украина Ресейдің бірнеше аумағын әлі бақылауда ұстап отыр. Мәскеу де олар азат етілгенін айтқан жоқ.

Тоқаев бірыңғай уақыт белдеуі төңірегіндегі пікірталасты доғаруға шақырды

Өскемен. 9 желтоқсан 2024 жыл.
Өскемен. 9 желтоқсан 2024 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен IV ұлттық құрылтай отырысы кезінде бірыңғай уақыт белдеуі төңірегінде туындаған пікірталасқа қатысты пікірін айтты.

Ол "арнайы зерттеулер жүргізілді, шешімге күмән келтірген қоғам белсенділерінің қаупі мен күмән-күдігі расталған жоқ" деді.

"Үкіметтің және депутаттардың басым көпшілігінің, сонымен бірге мамандардың уәжімен келісемін: біздің кең-байтақ жеріміз бар, халқымыздың саны да салыстырмалы түрде алғанда көп емес. Сондықтан елімізде бірыңғай уақыт белдеуі болуға тиіс. Бұл тәсіл мемлекетті басқару ісін жеңілдетеді, логистика мен көптеген бизнес-үдерісті оңтайландыруға септігін тигізеді. Осымен пікірталасты доғару қажет деп ойлаймын, оның үстіне бұл мәселені саясиландырудың қажеті жоқ" деді ол.

Осы аптада үкімет зерттеу бірыңғай уақыт белдеуіне көшу халық денсаулығына кері әсер етпегенін көрсетіп отыр деп мәлімдеген. Бірақ зерттеуге сілтеме жарияланған жоқ.

2024 жылдың 1 наурызынан бастап Қазақстан аумағында UTC+5 біртұтас уақыт белдеуі енгізілген. Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен 12 облыс (батыс өңірдегі төрт облыстан басқа) уақытты бір сағат артқа жылжытты. Шенеуніктер бұл өзгеріс ондаған жылдар бойы "уақыт жылжытқаннан" бұзылған адам ағзасының биологиялық ритмін қалпына келтіру мақсатында, оған қоса бизнес процестерін жақсарту және тасымалдауды үйлестіруді жеңілдету үшін жасалды деп түсіндірді.

Қазақстанның шығысында бірыңғай уақыт белдеуіне көшуге жұрт наразы болды. Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары жазда таңғы екіден кейін жарық түсетінін, қыс мезгілінде сағат 15.00-де қас қарая бастайтынын айтып шағынды. Бұған қоса қазақстандықтар электр энергиясын тұтыну бұрынғыдан артқанын, кейбіреулер тез шаршап, өзін әлсіз сезінетінін айтты.

Қазақстандықтар уақытты қайтадан бұрынғы қалпына келтіру туралы петицияға қол жинауды бастаған. Оны қостағандар көбейіп, петицияны үкімет қарауына қажет 50 мың қол тез арада жиналған. Алайда үкімет петиция авторларының талабын қабылдамады.

Үкімет бірыңғай уақыт белдеуіне көшу шешімі күшінде қалатынын мәлімдеп, бұл шешім ғылыми зерттеулерге негізделгенін айтты, бірақ ол нақты қандай зерттеулердің негізінде қабылданғанын түсіндірген жоқ.

2025 жылы қыста Шығыс Қазақстан облысының кейбір аудандарында мемлекеттік мекемелер жұмысты бұрынғыдан бір сағат ерте бастауға көшті.

Бірқатар журналист телефон шабуылға шағымданды. Баспасөзге "қысымның жаңа түрі" жөнінде айтыла бастады

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Белгісіз біреулер қазақстандық тәуелсіз журналистердің телефондарын жалған жарнамамен хабарландыру сайттарына салып, кейбірінің атынан мейрамханаларға жалған тапсырыс берген. Осындай жайттарға шағымданған бірқатар журналистер қысымның жаңа түрі пайда болғанын жазды. "Әділ сөз" баспасөз қорғау ұйымы мәлімдеме таратты.

12-13 наурызда бірқатар журналистер әлеуметтік желідегі парақшаларында телефондарына жаппай қоңыраулар түсе бастағанына шағымданды. Ізінше олардың телефондары жалған жарнамамен OLX.kz сайтына қойылғаны анықталған.

"Ит-мысық немесе арзан бағамен техника сататындығы жөнінде" жалған жарнамаларға журналистердің нөмірлері жазылған. Хабарландыруды көрген қолданушылар оларға жаппай хабарласа бастаған.

Осындай "шабуылға" тап болған Prodengi.kz сайтының редакторы Ирина Ледовских 50-ден астам нөмірді бұғаттауға тура келгенін жазды.

Журналист Данияр Молдабеков те осындай "шабуылға ұшырап" 5-10 минут сайын телефонына қоңыраулар түскенін жазды. Оның нөмірін таксистердің чаттарына да салып қойған.

Осындай "шабуылға" сонымен бірге журналистер Ирина Севостьянова (Астана), Татьяна Панченко (Forbes.kz), Юлия Козлова, Назира Дәрімбет ұшыраған.

"Әділ сөз" баспасөз қорғау ұйымының айтуынша, OLX сайты хабарландыруларды өшіргенмен жаңалары жылдам пайда болған. Журналистер платформаның өзіне хабарласумен тырысқанмен жүйелері уақытында реакция білдірмеген.

Ақпан айында журналист Вадим Борейко да белгісіз біреулердің өзінің атынан мейрамханаларға тапсырыс беріп, банк қосымшасына квитанция түскенін жазған еді.

"Сейсенбінің кешінен бері жеті мекемеден осы тәрізді 15 квитанцияны кері қайтардым... Бірнеше нөмірге хабарласқан кезде бұлар подъезде күтіп тұрған курьерлер болып шықты" деп жазды Борейко.

Ол бұл тәуелсіз журналистерге қарсы бағытталған ірі қысым кампаниясының бір бөлігі деп болжаған. Ол сонымен бірге кейінгі жылдары минут сайын шетелдік нөмірлерден қоңыраулар түскен кездер болғанын да айтып өтті.

Адам құқығын қорғау бюросы 14 наурыз күнгі хабарламасында осы жайттарға тоқтала келе "бұл баспасөзге қысымның жаңа түрі ме?" деген сауал тастайды.

"Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры журналистердің Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 158-бабы – журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі келтіру бойынша құқық қорғау органдарына арыз беру арқылы да өз құқықтарын қорғай алатынын еске салады" деп жазылған "Әділ сөз" мәлімдемесінде. Ал журналистер мұндай шағымдардың қаралатынына күмәнмен қарайды.

Қазақстанда журналистер кәсіби міндетін атқару барысында жиі кедергілерге ұшырайды. Баспасөз қорғау ұйымдары журналистердің кәсіби қызметіне кедергі жасалғаны туралы шағымдары көп жағдайда тексерілмей қалады дейді.

Халықаралық ұйымдар Қазақстанда баспасөз еркіндігі шектелген деп санайды. "Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымы әзірлейтін баспасөз индексі рейтингінде Қазақстан 180 елдің ішінде 142-орында тұр. Ал Freedom House ұйымының биылғы "Интернет еркіндігі" есебінде "еркін емес" елдер қатарында қалды.

Батыс Қазақстан облысында қарғын суға байланысты тас жол жабылды

БҚО-дағы су тасқыны. Сәуір, 2024 жыл.
БҚО-дағы су тасқыны. Сәуір, 2024 жыл.

Батыс Қазақстан облысында қарғын суға байланысты тас жол жабылды.

“Қардың тез еруіне байланысты еріген судың көп мөлшері жолдың үстімен ағып жатыр. Осы себепті Орал-Белес-Переметное тас жолында көліктің барлық түрі үшін қозғалысқа шектеу енгізуге тура келді. Қозғалыс Орал-Саратов тас жолы арқылы жүзеге асырылады” деп жазды БҚО полиция департаментінің ақпаратына сүйенген “Мой город” сайты.

Жүргізушілерге жол жүрген кезде осы ақпаратты ескеріп, сақтық шараларын қатаң сақтауға кеңес берілген.

Бұған дейін "Қазгидромет" Январцево ауылында Жайық өзені бір тәулік ішінде бір сантиметрге көтерілгенін айтқан. Оралда Жайық деңгейі өзгермеген. Облыс аумағында кейбір елді мекендерде жекелеген үйлердің ауласына су кіргені хабарланды.

Бір күн бұрын республикалық штаб отырысында Қазақстанның сегіз аумағында тасқын қаупі бары айтылған. Тасқын қаупі жоғары аймақтарға Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Абай және Ұлытау облыстары кіріп отыр. Орташа қауіпті аймақтарға Алматы, Жетісу, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Атырау облыстары енген. Мемлекеттік органдарға "су тасқынына жол бермеу үшін тиісті шараларды қабылдау, су тасқыны болуы мүмкін елді мекендерде тиісті топтар мен құралдарды әзірлеу" тапсырылған.

Былтыр Қазақстанда жердің тоңы жібімей жатып күрт еріген қалың қар суы мен арнасынан асқан өзен суы елді мекендерді басып, жұрт үйінен, мал-мүлкінен айырылған еді. 17 облыстың онын су алып, сегіз облыста төтенше жағдай жарияланған.

Украинадағы соғыс: Суджа мен Донецк облыстарында ауыр шайқас жүріп жатыр

DeepState жобасының майдандағы ахуал бойынша 13 наурыз күнгі картасы.
DeepState жобасының майдандағы ахуал бойынша 13 наурыз күнгі картасы.

Украина қарулы күштерінің бас штабының хабарлауынша, қызу шайқас Донецк облысының орталық бөлігінде - Покровск және Торецк бағытында жүріп жатыр. Кейінгі айларда орыс әскері осы облыста украин қорғанысының өзегі саналатын аумақты басып алуға тырысып жатыр.

Ресейлік әскери блогерлер осы аудандарда ауыр шайқастар жүріп жатқанын, Украина күштері орыс әскерінің жылжуын тежеп, тойтарыс беріп жатқанын жазды. Майдандағы ахуалды саралап отырған украиналық DeepState жобасы Ресей әскері Донецк облыының батысындағы Новоселка ауданында ілгерілегенін жазды.

Ал Ресейдің Курск облысында орыс әскері украин күштерін тынбастан атқылап, оларды Ресей аумағынан біржолата тықсыруға күш салып жатыр. Бір күн бұрын Ресей қорғаныс министрлігі былтыр тамыздан бері украин күштерінің бақылауында болған Суджа қаласын қайтарғанын ресми түрде мәлімдеді. Алайда DeepState-тің тұжырымдауынша, қаланың солтүстік және батыс аумақтарында шайқас әлі жүріп жатыр. Ресейлік дереккөздер де “тазарту жалғасып жатқанын”, орыс күштері Украинаның Сумы облысына да жылжуы мүмкін екенін жазды.

Ресей әскері Курск облысындағы украин күштерін жарақтандырып отырған негізгі бағытты бітеу үшін Суджаның батысындағы Украинаның шекарадағы аудандарына біраз уақыт бұрын шабуылдай бастаған. Осының салдарынан украин күштері шегіне бастаған.

DeepState -тің мәліметінше, орыс күштері Украинаның шекарадағы Басовка ауылына қарай жаяу және квадроциклдармен кірмек болған, бірақ шабуылға тойтарыс берілген. Алайда Ресейдің бұл аумақта көп жаяу әскерін шоғырландыруы жағдайды қиындатып отыр.

Украина әскері Ресейдің Курск облысына шабуылды 2024 жылы тамызда бастаған. Олар Суджа мен шекарадағы өзге де елді мекендерді бақылауға алған еді. Киевтің айтуынша, Курск операциясы алдағы уақытта украин жерін қайтару бойынша алдағы келіссөздерде көмектесуі мүмкін, ол Ресей әскерінің назарын Украина шығысындағы шабуылдардан басқа жаққа бұруға итермелейді деп те айтқан.

Тағы

XS
SM
MD
LG