Қазақстанда екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі ерлігі үшін Совет Одағының батыры атағын алғандардың соңғысы Иван Косенковпен қоштасу рәсімі өтті. Бүгін Алматы облысы Үштөбе қаласында оны ақтық сапарға шығарып салуға марқұмның туған-туыстары, ардагерлер, билік өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.
Иван Косенков 92 жасқа қараған шағында жұма күні дүниеден өткен еді.
1923 жылы желтоқсанда Шығыс Қазақстанда дүниеге келген Иван Косенков 1941 жылдың соңына қарай Қызыл Армия қатарына шақырылып, Германиямен соғысқа аттанған. Ол майданда артиллериялық зеңбіректің бағыттаушысы болған.
1943 жылы совет әскері Днепр өзенінен өткенде, полктың негізгі күші келіп жеткенше қарулас серігімен бірге алты күн және алты түн бойы маңызды плацдармды жауға бермей ұстап, дұшпанның үш танкін, бірнеше әскери көлігі мен ондаған жаяу әскерінің көзін жойған ерлігі үшін 1944 жылы 22 ақпанда Иван Косенковқа Совет Одағының батыры атағы берілген.
Соғыс уақытында үш рет жараланған Иван Косенков бірінші дәрежелі Отан соғысы орденін екі мәрте және бірнеше медаль алған.
1944 жылы майданнан оралған соң Иван Косенков өмірінің соңына дейін Алматы облысындағы Үштөбе қаласында тұрды. Зейнеткерлікке шыққанға дейін ол тракторист, Алматы орман шаруашылығында шебер болып жұмыс істеген. Құрметті теміржолшы атағымен марапатталған. Соғыс ардагері Иван Косенковтың есімі өзі тұрған аудан орталығындағы көшелердің біріне берілген.