Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Біржан Нұрымбетов бүгін Астанада өткен босқындарды қорғау және халықаралық миграция бойынша Алматы процесінің лауазымды өкілдерінің 2-кездесуінде Қазақстанға келетін еңбек мигранттары саны бойынша Қытай, Түркия, Өзбекстан, Сербия және Үндістан алда тұрғанын хабарлады.
Нұрымбетовтің атуынша, 2010 жылдан бері Қазақстандағы еңбек мигранттары саны бойынша Қытай Түркияны басып озып, бірінші орынға шыққан. Шенеунік мұны Қазақстандағы инвестициялық жобалармен, соның ішінде Батыс Еуропа - Батыс Қытай халықаралық жолы құрылысымен байланыстырған.
Алматы процесі 2011 жылы халықаралық миграция және босқындар мәселесін бірігіп шешетін диалог алаңы ретінде құрылған. Бұл ұйымға Қазақстаннан бөлек, Әзербайжан, Ауғанстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия мен Түркіменстан кіреді. Иран мен Пәкістан әзірге бақылаушы ретінде қатысып келеді.