"ВКонтакте" әлеуметтік желісі Ресей аумағында "Дети-404. ЛГБТ-подростки" қауымдастығын бұғаулады. Әлеуметтік желіге бұғаулау туралы нұсқауды Ресейдің ақпараттық технология және бұқаралық коммуникация саласын қадағалау қызметі (Роскомнадзор) берген.
"Заңгерлермен кеңескен соң біз қауымдастықты ашық қалдыруға заңдық негіз таба алмадық. Нұсқауды орындамаған жағдайда, "ВКонтакте" желісінің өзі бұғауланатын еді" деп жазды компанияның баспасөз қызметінің жетекшісі Георгий Лобушкин әлеуметтік желіде.
21 қыркүйекте сот шешімімен Роскомнадзор "ВКонтакт" желісіндегі бес ЛГБТ қауымдастығы парақшаларын тыйым салынған сайттар реестріне тіркеген. Сот бұл парақшалардағы ақпараттарды "жасөспірімдер арасында дәстүрлі емес жыныстық қатынасты насихаттайды" деп тапқан. Бұдан соң Роскомнадзор әлеуметтік қауымдастық әкімшілеріне парақшаларынан "заңға қайшы ақпараттарды" үш күн ішінде жоюды талап еткен.
"Дети-404" қауымдастығы Роскомнадзор қырына бірінші рет ілігіп отырған жоқ. 2014 жылдың қарашасында ведомство "Дети-404" гомосексуализмді насихаттау туралы заңды сақтамайды деп мәлімдеген. Ресейде гомосексуализмді насихаттауға тыйым салатын заң 2013 жылы қабылданған.