Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы, топ-бизнесмен Тимур Құлыбаев Ұлттық олимпиада комитеті президенті болып сайланды. Бұл туралы шешімді бүгін Алматыда «Интерконтиненталь» қонақ үйінде өткен ҰОК 17-съезіне қатысқан делегаттар бірауыздан қабылдаған.
Сонымен бірге съезде ҰОК бас хатшысы болып Дариян Абылғазин, президенттің қысқы спорт түрлері бойынша орынбасарлығына «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы Асқар Мамин сайланған. Ал 2006 жылдан осы кезге дейін ҰОК президенті қызметін атқарып келген Темірхан Досмұхамбетов президенттің жазғы спорт түрлері бойынша орынбасары болып сайланған.
49 жастағы Тимур Құлыбаев бұған қоса спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы төрағасы, Қазақстан бокс федерациясының президенті, халықаралық бокс ассоциациясы (АІВА) вице-президенті және Қазақстан ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшысы.
Forbes журналы биыл наурызда жариялаған әлемнің ең бай адамдарының тізімінде Қазақстан президентінің ортаншы қызы Динара Құлыбаева (2,1 миллиард доллар) мен оның күйеуі Тимур Құлыбаев (2,1 миллиард доллар) 894-орында тұр.