Азаттық тілшісіне қыркүйектің 29-ы күні хабарласқан Маңғыстау облысындағы Oil Construction Company (ОСС) мекемесінің кәсіподақ ұйымы жетекшісі Әмин Елеусінов өзіне қарсы қылмыстық қудалаудың тоқтамай отырғанына шағым айтты.
Оның сөзіне қарағанда, Маңғыстау облыстық ішкі істер департаменті (ІІД) оған қарсы қылмыстық істі осы кәсіподақ бухгалтері Бибігүл Тілегенованың шағымы негізінде биыл қаңтардың 24-і күні қозғаған. Бұдан бөлек, қаңтардың 27-сі күні Маңғыстау облысы прокуратурасы бір топ кәсіподақ мүшелері 2013 жылы жазып, кейін қылмыс құрамы болмағандықтан, қаралмай қалған ескі арызды қайта көтерген.
«БИЛІКТІҢ ҚОҚАН-ЛОҚЫСЫ»
Әмин Елеусіновтың айтуынша, 2013 жылғы және 2015 жылғы «қаржы жымқыру» туралы арыздар біріктіріліп, оған «кәсіподақтың 16 миллион теңге қаржысын жеді» деген айып тағылған. 54 жастағы Әмин Елеусінов қудалаудың барлығын «жұмысшылар құқығын қорғау және қабылданғалы жатқан еңбек кодексінің жаңа редакциясына қарсылық білдіру жолындағы шектен тыс белсенділігімен» байланыстарды.
Оқи отырыңыз: Маңғыстау мұнайшылары еңбек кодексін депутаттармен талқылағысы келеді
- Маңғыстау облысы прокуратурасы мен ІІД біздің бухгалтериядағы қаражат жетіспеушілігіне қатысты жасатқан ресми аудитіміздің қорытындысын не дұрыстамай, не терістемей отыр. ІІД ақпанның 3-і тәркілеп алған кеңсе техникамызды қайтаруды сұраған арыздарымызға да жауап жоқ. Билік қылмыстық істі қолайлы уақытта қайта көтеру арқылы қоқан-лоқы жасап отыр, - дейді Әмин Елеусінов.
Оның сөзіне қарағанда, «2013 жылы Маңғыстау облысының қаржы полициясына төрт адам шағым түсірген кезде кәсіподақ кеңсесіне ұры түсіп, 5 миллион теңге көлеміндегі ұйым жарнасымен бірге өз қаражаты да қолды болған. Оған қарсы 1 мың 700 жұмысшы қол қойып, наразылық білдірген соң, қылмыстық іс қозғалмай қалған, ал кеңсе ұрлығы әлі ашылмаған».
Әмин Елеусінов ОСС мекемесіндегі кәсіподақ ұйымының жалпы белсенділігі де билікке ұнамайтынын айтады.
- Біз кәсіподақ құрған жылдары (2011 жыл) жұмысшылар жалақысы мұнай компанияларына қызмет көрсететін мекемелер арасындағы ең төмені болды. Жұмысшылар өз құқықтарын білмеді - кез келген қағазға қол қоя беретін. Біз еңбек кодексін оқытып, олардың заңдық тұрғыдан сауаттандыруға тырыстық,- дейді ол.
«16 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ ЖЕТІСПЕЙТІНІ АНЫҚТАЛДЫ»
Маңғыстау облысы ІІД-сі аға тергеушісі Нұрлан Мереев Елеусіновке қарсы екі бірдей арыз бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады. Оның жазбаша берген жауабында «2015 жылы маусымның 27-сі күні ОСС кәсіподағы бухгалтерінің арызы негізінде 14 миллион теңгенің, ал 2013 жылғы іс бойынша 2 миллион теңгеден астам ақшаның жетіспейтіні анықталғаны», бұл екі арыз бір іске біріктірілгені жазылған.
Мұнан бөлек, ІІД жауабында «Елеусіновке қатысты қозғалған қылмыстық істің сотқа дейінгі тергеуінде үзіліс жасау туралы қаулы қабылданған» деп жазылған.
Маңғыстау облысы прокурорының орынбасары Амангелді Досекенов қол қойған прокуратураның ресми жауабында «қоғамдық бірлестіктің бір топ мүшелері арызы негізінде орын алған жымқыру дерегі сотқа дейін тергеліп-тексерілу үшін Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментіне жолданғаны» айтылған.
Oil Construction Company (OCC) мекемесі 2003 жылы «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының үш ірі мекемесі - «Маңғыстаумұнара», «Нефтестрой», «Маңғыстаумұнайжолдары» кәсіпорындарын қосу нәтижесінде құрылған.
Кәсіпорын «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының Қаламқас, Жетібай кеніштеріндегі мұнай өндірісіне құрылыс-жөндеу, монтаждау қызметтерін көрсетеді. Онда 2000-нан астам адам еңбек етеді.