10 қазан күні Youtube желісі арқылы "Ботагөз Жұмановаға шабуыл" деген атпен түнде үйдің есігін ашып жатқан әйел адамды жас жігіттің ұрып кеткен видеосы да тарап үлгерді.
ВИДЕО
Видео сипаттамасында "8 қазан күні кешке Алматыда Бота Жұмановаға қасақана шабуыл жасалды, оны ұрып кетті. Видеода көрсетілгендей, қылмыскер оның заттарына тиіспей қашып кеткен. Өйткені, айқай-шуды естіген көршілер терезелерін ашқан" деп жазылған.
Бүгін жарияланған ол видеода бір әйел есікке келіп, оны ашуға тырысып жатады, оның артынан спорттық костюм киген жігіт келіп тұрады. Бірнеше секундтан кейін әлгі жігіт әйелді басынан ұрып құлатып, бірнеше рет аямай тебеді де, қашып кетеді.
Ал tengrinews.kz сайты 10 қазан күні "полиция Жұмановаға шабуыл жасалғанын растады" деп хабарлады. Сайттағы ақпаратқа қарағанда, Алматы ішкі істер департаменті баспасөз қызметі жетекшісі Салтанат Әзірбек "бақылау камерасынан түсірілген видеоны полиция тексеріп жатыр" деген. Шабуыл жасаған адамға іздеу жарияланған. «Бұзақылық» бабы бойынша сотқа дейінгі тексеру жұмыстары басталған.
"ЕШКІММЕН СӨЙЛЕСКІМ КЕЛМЕЙДІ"
Азаттық тілшісіне Алматыдағы №7 қалалық клиникалық ауруханасының тіркеу бөлімі қызметкері Нағима Баймұханова 1981 жылы туған Бота Жұманова Жақсылыққызының басынан жарақат алып, қазанның 9-ына ауған түні сағат 00:55-те хирургия бөліміне түскенін айтты.
Ал ақылы хирургия бөлімінің өзін "медбике Нұргүл" деп таныстырған қызметкері "журналист Бота Жұманованың қазіргі жағдайы қалыпты" деді. Азаттық тілшісінің "өзімен сөйлесуге бола ма" деген өтінішінен кейін Бота Жұманованың палатасына барып келген медбике оның "ешкіммен сөйлескісі келмейтінін" айтқанын, жанында полиция қызметкері отырғанын хабарлады.
"ДОСТАРЫНЫҢ" АҚПАРАТЫ
Азаттық тілшісі Алматы ІІД-сінен егжей-тегжейлі ақпарат алуға тырысқанымен, өзін "ІІД қызметкері Рупов" деп таныстырған кезекші ешқандай ақпарат бере алмайтынын айтып, қандай да бір мәлімет беруден бас тартты.
Азаттық тілшісіне Бота Жұманованың жақындарымен хабарласудың да сәті түспеді. Алайда әлеуметтік желідегі "достары" оның "басынан жарақат алғанын, мұрны сынғанын" жазады. Бота Жұманованың Facebook парақшасы арқылы олар "ол есін жиды, бірақ жағдайы күрделі" деп хабарлайды.
Ботагөз Жұманова - қаржы тақырыбына мақалалар жазатын алматылық журналист.