Accessibility links

Швейцария сайлауында оңшыл-центристер басым түсті


Швейцария халық партиясының төрағасы Тони Бруннер. Берн, 18 қазан 2015 жыл
Швейцария халық партиясының төрағасы Тони Бруннер. Берн, 18 қазан 2015 жыл

Өзінің иммиграцияға қарсы ұрандарымен белгілі Швейцария халық партиясы 18 қазан күні өткен парламент сайлауында 30 пайызға жуық дауыс жинап, парламенттің төменгі палатасындағы 200 орынның 65-ін иеленді.

Бұл партия Еуропа Одағы пен исламға қарсы пікірлерімен де танымал. AFP агенттігіне берген сұхбатында партия төрағасы Тони Бруннер: «Біз Еуропаны жайсыз етіп көрсету арқылы босқындарды, сонымен қатар қақтығыстар аймағынан қашқандарды қабылдай алмайтынымызды білдіруіміз керек» деген.

Жексенбі күнгі Швейцариядағы парламент сайлауының нәтижесі бойынша оңшыл Халық партиясы мен Либералдық партия үкіметтің басым көпшілігін құрауы мүмкін. Елдегі екінші ең ірі партия - Швейцария социалистік партиясы үш орнын жоғалтып, парламенттің төменгі палатасындағы 43 мандат иеленді. Жасылдар партиясы мен Швейцарияның жасыл либералдық партиясы да орындарын жоғалтты.

Парламент сайлауына дауыс берушілердің 48 пайызы қатысты. Швейцарияның сегіз миллион тұрғынының төрттен бір бөлігі - шетелдік азаматтар.

XS
SM
MD
LG