Accessibility links

Керри Нетаньяхумен кездесуге Берлинге барды


АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри Берлин әуежайында ұшақтан түсіп келеді. 22 қазан 2015 жыл.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри Берлин әуежайында ұшақтан түсіп келеді. 22 қазан 2015 жыл.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен келіссөздер өткізу үшін Берлинге келді. Керри израильдіктер мен палестиналықтар арасында өршіп тұрған жанжалды басудан үмітті.

Мемлекеттік хатшымен бірге жүрген америкалық жоғары лауазымды шенеуніктің (өзін атамауды өтінген) сөзінше, мемлекеттік хатшы бүгінгі кездесуді Израиль мен палестиналықтар арасындағы «қоғамдық дискурс сарынын өзгертуге» тырысу және жанжалға себеп болған Әл-Ақса мешіті орналасқан, екі тарапқа да қасиетті саналатын жердің мәртебесін анықтау үшін пайдаланбақ.

Алдағы сенбі күні Иорданияда Палестина автономиясының басшысы Махмуд Аббаспен кездесуді жоспарлап отырған Джон Керри Әл-Ақса мешітінің статус-квосына қатысты мәселені айқындап алғысы келетінін мәлімдеген.

Бұған дейін хабарланғандай, мұсылмандар үшін қасиетті саналатын Әл-Ақса мешіті тұрған жердегі Ғибадатхана тауына Израиль парламенті депутаттары мен еврей діни қайраткерлерінің келуіне палестиналықтар қарсылық білдіріп, салдарынан Израиль мен Иордан өзенінің батыс жағалауында израильдіктер мен палестиналықтар арасында жанжалға ұласқан еді.

Палестиналықтар Израильді Әл-Ақса мешітінің «статус-квосын» өзгертіп, еврейлердің көпшілік орнына айналдырмақшы деп айыптайды. Бірақ Нетаньяху ондайды жоққа шығарады.

Бейсенбі күні Израиль Иерусалимнен батысқа қарай орналасқан Бейт-Шемеш қаласында израильдікке шабуыл жасап, оны жеңіл жаралаған екі арапқа қару қолданып, жаралағаны туралы хабарлады. Соңғы екі аптада пышақпен шабуылдардан он израильдік қаза тапқан. Мерт болғандардың арасында 47 палестиналық немесе ұлты арап Израиль азаматтары бар.

XS
SM
MD
LG