Орал қаласында монополист коммуналдық кәсіпорындар өткізген қоғамдық тыңдауға азаматтық белсенділер бойкот жариялады. Оралдағы төрт монополист кәсіпорын – «Батыс су арнасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Жайықжылуэнерго», «Батыс Қазақстан аймақтық электр желісі компаниясы» және «Батыс Қазақстан машинақұрастыру компаниясы» акционерлік қоғамдары су, жылу энергиясы бағалары мен электр қуатын тасымалдау және бөліп тарату қызметі үшін алынатын төлем ақысын қымбаттатуға қатысты мәселелерді талқылау жөнінде бастама көтеріп, Батыс Қазақстан облысы табиғи монополияларды реттеу жөніндегі департаменті қоғамдық тыңдау өткізді.
Ұйымдастырушылардың жоспары бойынша қоғамдық тыңдау үш сағаттың ішінде аталған мәселелерді бірінен соң бірін талқыға салуы тиіс еді. Тыңдауға қатысуға келген ондаған адамның арасында негізінен «Абырой» қоғамдық ұйымының, Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның, Қазақстан коммунистік халықтық партиясының және елде қызметіне сот тыйым салған оппозициялық Қазақстан коммунистік партиясының өкілдері болды. Бірақ айына отбасындағы әр адам үшін су тарифі бағасын 225 теңгеден 250 теңгеге қымбаттатуға арналған алғашқы тыңдау соңында «Тұтынушылар құқығын қорғау» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Владимир Ефремов қатысушыларды тыңдауға бойкот жариялауға шақырды.
Владимир Ефремов мәслихат пен парламент депутаттарының қатысуынсыз қоғамдық тыңдау өткізудің мәнісі жоқ екенін айтты. Бұдан соң жиынға қатысып отырған қоғамдық ұйымдар өкілдері мен азаматтық белсенділердің көпшілігі тыңдау өтіп жатқан залды тастап шығып кетті.