Accessibility links

Педофилдерге химиялық кастрация қолдануды ұсынады


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстан бас прокуратурасы педофилдерге қарсы химиялық кастрация әдісін қолдануды ұсынады. Бұл туралы бас прокуратура департаментінің бастығы Құсайын Игембаев «Нұр Отан» партиясы жанындағы құқықтық кеңес отырысында мәлімдеген деп хабарлайды бас прокуратураның баспасөз қызметі.

Бас прокуратураның өзге де ведомстволармен бірлесіп әзірлеген, қолданыстағы заңға түзетулер енгізу туралы заң жобасы қазір парламентте қаралып жатыр.

«Сонымен бірге мұндай категорияға жататын адамдарды өмір бойы әкімшілік бақылауда ұстау, медициналық мекемелерді азаматтарда анықталған сексуалдық зорлық-зомбылыққа бейімділік пен психикалық ауытқушылықтар жайлы ішкі істер органдарын хабардар етіп отыруға міндеттеу, тыйым салынған интернет сайттарға шектеу қоюға қатысты түзетулер қарастырылып отыр» делінген бас прокуратура хабарламасында.

Бұған қоса жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған кәмелеттік жасқа толмағандардан жауап-деректерді тек педагогтың және (немесе) психологтың қатысуымен ғана алу жайлы ұсыныс енгізілген.

Ресми деректер бойынша, Қазақстанда кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыстар үлесі барлық жасалған қылмыстардың ширек бөлігін, ал зорлық-зомбылыққа жататындары – 8,5 пайызды құрайды.

XS
SM
MD
LG