Accessibility links

«Ахметов ісі» сотында дау шықты


Экс-премьер Серік Ахметовтің және Қарағанды облысы мен қаласы әкімдіктерінің бұрынғы шенеуніктерінің соты. Қарағанды, 2 қазан 2015 жыл.
Экс-премьер Серік Ахметовтің және Қарағанды облысы мен қаласы әкімдіктерінің бұрынғы шенеуніктерінің соты. Қарағанды, 2 қазан 2015 жыл.

Қарағанды қаласында коррупцияға қатысты айыпталған экс-премьер Серік Ахметов пен облыстағы бұрынғы шенеуніктердің істері бойынша өтіп жатқан сотта сотталушылар мен олардың адвокаттары судьямен тәжікелесіп қалды.

Ісі сотта қаралып жатқан азамат, Қарағанды облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Ғабит Мұхамбетов пен оның адвокаты өздері куәгер ретінде шақырған адамға - аудиторлар палатасының жетекшісі Сапар Қашқынбаевқа сұрақ қоюға судья мүмкіндік бермей отыр деп наразылық білдірді. Мұхамбетовтің адвокаты сот тыңдауына төрағалық етіп отырған Исламхан Есенбаевтың ісіне байланысты сот отырысы хаттамасына ескертпе жазу енгізуді сұрады.

Судья сотталушылардың кейбірі «сот процесін жүргізуге кедергі жасап» отырғанын айтып, оларға қатысты бұлтартпау шарасын өзгертіп, қамауға алуға пәрмен бере алатынын ескертті.

Бұрынғы облыс әкімі орынбасарын қорғап жатқан адвокаттың пікірі бойынша, сотқа шақырылған куәгер Қашқынбаевтың жауабы Қарағандыдағы «Металлургия-Металлөңдеу» индустриалдық паркі» кәріз-тазарту жүйесінің құрылысын жүргізу кезінде жасалынды делініп отырған ақша жымқыру қылмысына қатысты эпизодты айқындауға тиіс болған. Осы аптадағы сот отырысында қарала бастаған эпизод бойынша Серік Ахметовпен бірге кәсіпкер Әлжан Ақмолдаев, «Металлургия-Металлөңдеу» индустриалдық паркі» компаниясының бұрынғы басшылары Анатолий Эссе, Оразалы Әйменбетов және Болатбек Ысқақов, Қарағанды облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Ғабит Мұхамбетов айыпталып отыр. Бұл эпизод бойынша Серік Ахметовке «аса ірі көлемде пара алды» және «бөтеннің мүлкін жымқырды» деген айыптар тағылған. Тергеушілер мен айыптау тарабының болжамына сәйкес, тазарту жүйесі құрылысына пайдаланылады деп жоспарланған қымбат жабдықтарды Ахметовтің «мақұлдауымен» жобалық сметасын кемітпей, арзанына ауыстырған.

«Коррупциялық» іс бойынша сот процесі Қарағандының мамандандырылған сотында тамыз айынан бері қаралып жатыр. Сотталушылар санатындағы 21 адамның көбі өздеріне тағылған айыптарды мойындамайды.

XS
SM
MD
LG