АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри мен Орталық Азияның бес елінің сыртқы істер министрлері Өзбекстанның Самарқанд қаласында бірлескен әріптестік және ынтымақтастық декларациясына қол қойды. Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан сыртқы істер министрлерінің АҚШ мемлекеттік хатшысымен кездесуі алғаш қыркүйекте Нью-Йоркте өткен С5+1 форматындағы келіссөздің жалғасы болды.
Бірлескен декларацияда АҚШ-тың "Орталық Азияның әр мемлекетінің егемендігі, территориялық тұтастығы мен тәуелсіздігін қолдайтыны" және "аймақ елдері бір-бірімен дұрыс және өзара тиімді қарым-қатынас жасауы қажет екені" айтылған. С5+1 форматындағы кездесу алты ел арасында қауіпсіздік, сауда, трансшекаралық қауіптер, есірткі саудасы мен қару-жарақ саудасының алдын алу мәселелерінде ынтымақтастықты дамыту үшін тұрақты өткізіліп тұрмақ.
Кездесуде аймақтағы елдердің экономикалық өсіміне, қоршаған ортаны қорғау, аймақ қауіпсіздігін, тұрақтылық пен адам дамуын қамтамасыз етуге қатысты мәселелер талқыланған.
Джон Керри 1 қараша күні кешке Астанаға келген. Бүгін ол Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездеседі деп жоспарланған. Бұған дейін кездесуге журналистердің кіргізілмейтіні хабарланған.