Оралда нөсер жауыннан көшелер лайланып, кейбір аудандарда көлік қозғалысы қиындады. Синоптиктердің мәліметінше, қалада үш тәулікте бір айлық межедегі жаңбыр жауған.
"Қазгидромет" мекемесінің облыстық филиалының қызметкері Динара Оспанованың дерегінше, үш тәулікте жауған жаңбыр көлемі 28 миллиметр болған. Жаңбыр әлі жауып тұр.
Орал қалалық жол-пайдалану мекемесінің бастығы Болат Әмірғалиевтің Азаттыққа айтуынша, қазір қала көшелерінде 16 көлік күндіз-түні суды сорып шығарып жатыр.
Синоптиктердің болжамынша, демалыс күндері Оралда ауа температурасы нөлден төмендеп, жаңбыр соңы қарға ұласады.