Түркия ақпарат құралдары осы елдің F16 ұшақтары бүгін Сириямен шекарада әуе кеңістігін бұзған "бөтен әскери ұшақты" атып түсіргенін хабарлады.
Түркия қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, F16 жойғыш ұшағы "бөтен ұшақты" атып түсірмес бұрын оған шекара бұзғаны жайлы ескерту берген. Ұшақ Түркиямен шекараға жақын Сирия аумағына құлаған. Түркия ақпарат құралдары мәліметінше, ұшақтың екі ұшқышы парашютпен секіріп кеткен.
Ресей қорғаныс министрлігі бүгін Сирия территориясында "Су-24" әскери ұшағының апатқа ұшырағанын, алдын ала болжам бойынша ұшақты "жерден атып түсіргенін" растады. Бірақ қорғаныс министрлігі Ресей ұшағының Түркия әуе кеңістігін бұзғанын жоққа шығарды.
Ресейдің әскери-әуе күштері қыркүйектің соңынан бастап Сирия президенті Башар Асадты қолдап осы елдегі оппозициялық қарулы жасақтар мен "Ислам мемлекеті" (ИМ) содырларына әуеден шабуыл жасап келген.
Өткен айда Түркияның әскери ұшақтары "шекара бұзғаны" үшін ұшқышсыз басқарылатын аппаратты атып түсірген.