Accessibility links

ТҮРІКСОЙ: Ресей қатынасты доғаратынын БАҚ-тан естідік


Түркітілдес елдер парламенттік ассамблеясы конференциясына қатысушылар. Астана, 3 желтоқсан 2015 жыл.
Түркітілдес елдер парламенттік ассамблеясы конференциясына қатысушылар. Астана, 3 желтоқсан 2015 жыл.

Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы (ТҮРІКСОЙ) жетекшілігі Ресей билігінен ұйыммен байланысын тоқтататыны туралы ешқандай ресми ескерту алмағанын мәлімдеді.

ТҮРІКСОЙ бас директоры Дүйсен Қасейіновтің Азаттыққа айтуынша, ұйым Ресей құрамындағы Алтай, Башқұртстан, Саха (Якутия), Татарстан, Тыва мен Хакасия республикаларына ТҮРІКСОЙ-мен байланысты тоқтатуды ұсынғаны туралы хабарды баспасөз құралдарынан естіген.

– Ұйымымызға немесе Түркиядағы Ресей елшілігіне ешқандай ресми ескерту түспеген. Бір жағынан, әр ел қандай да бір ұйымға кіру немесе ұйым құрамынан шығуға құқылы. Сондықтан қазір Ресей мен Түркия арасындағы қарсылық аяқталғанын күтуіміз керек. Барлығы реттелген соң біз Ресейдің бұл аймақтарымен байланыс орнату үшін келіссөз жүргізе аламыз, - деді Қасейінов.

Дүйсен Қасейінов Түркітілдес мемлекеттердің парламенттік ассамблеясының аясында 3 желтоқсанда Астанада өткен «Ұлы даладағы мемлекеттілік және парламентаризм» атты халықаралық конференциясына қатысуға келген. Бұл ұйымға Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан мен Түркия мүше.

Сириядағы ресейлік Су-24 ұшағын түрік әуе күштері атып түсірген соң қарашаның соңында Ресейдің ТҮРІКСОЙ ұйымымен байланысын тоқтататыны хабарланған.

Ресей мәдениет министрі Владимир Мединский Алтай, Башқұртстан, Саха (Якутия), Татарстан, Тыва мен Хакасия республикаларына ТҮРІКСОЙ ұйымымен байланысты дереу доғару туралы жеделхат жолдаған.

Әлемдегі түркітілдес елдердің басын біріктіретін ТҮРІКСОЙ халықаралық мәдени ұйымының негізін 1990-жылдардың басында Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан және Түркия бірлесіп қалаған. Ұйымның негізгі мақсаты – түркітілдес халықтардың өзара байланысын нығайтып, түркі әлемінің ортақ мәдени құндылықтарын танып-зерттеу, сақтау және толықтыру, оларды келешек ұрпаққа жоғалтпай жеткізу болып саналады.

XS
SM
MD
LG