Қазақстан мен Қырғызстан ұсынған айтыс (қырғыз тілінде айтыш) ЮНЕСКО қорғауындағы бейматериалдық мәдени мұралар тізіміне алынды. ЮНЕСКО-ның баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл туралы шешім 2 желтоқсанда Намибияның Виндхук қаласында өткен ЮНЕСКО-ның бейматериалдық мәдени мұраларды қорғау комитетінің отырысында қабылданған.
Қазақ пен қырғыз халықтарында айтыс - топ алдында табан астында суырып салып айтылатын, көбінесе домбырамен сүйемелденетін сөз сайысы, жыр жарысы. Айтыс көбінесе жиын, той, ас сияқты халық көп жиналатын жерде ұйымдастырылады. Айтыстың тақырыбын тыңдаушылар таңдайды. Айтыс жеңімпазын негізінен тыңдаушылар анықтайды.
Қазақстаннан бұған дейін домбырада күй тарту мен киіз үй жасау өнері ЮНЕСКО-ның бейматериалдық мәдени мұралары тізіміне енген.