Астанада бүгін «Өндіріс» тұрғын үй кешенінің тұрғыны Айгүл Алдабергенова қамауда отырған азаматтық белсенді Болатбек Біләловті қолдап акция өткізді.
Азаттық тілшісінің хабарлауынша, «Сапаржай» автобекеті перронында өткен акцияда Алдабергенова құзырлы орындардан Біләловке бостандық беруді талап етті. «Болатбек Біләлов қамалғаннан бері біздің баспанаға құқығымызды қорғайтын адам жоқ. Оны қамаудан босатып, оған 174-бап бойынша тағылған айыпты алып тастау керек және осы баптың өзін мүлде жою қажет» деді акцияға Біләловтің суреті басылған плакат ұстап шыққан Алдабергенова.
Тұрғын өзін полиция ұстап әкетуі мүмкін деген қауіппен акцияны бекет алдында емес, автобустар тоқтайтын перронда өткізгенін айтады. Акцияны бірнеше адам сырттай бақылап тұрды.
Болатбек Біләловті екі айға қамауға алу туралы қаулыны Астана қаласы Сарыарқа аудандық 2-соты 11 қарашада шығарған. Біләловке «араздық тудыру» айыбы тағылған. Тергеушілердің пікірінше, белсенді бұл әрекетті «бұқаралық ақпарат құралдарының алдында, көпшілікке жария түрде жасаған».
Болатбек Біләлов Астанадағы сүрілуі тиіс үйлер тұрғындарының мүддесін сотта қорғаушы ретінде танымал. Сонымен бірге ол – ресейлік зымырандарды Байқоңырдан ұшыруға қарсы шығып жүрген «Антигептил» тобының белсендісі.
Айгүл Алдабергенова өткізген акциядан видео: