Түркия сыртқы істер министрі Мевлут Чавушоглу жұма күні түркиялық NTV телеарнасына берген сұхбатында Анкара Мәскеумен қарым-қатынасын қалыпқа келтіруге ниетті екенін мәлімдеген.
«Біз маңызды саяси және іскерлік байланыстарымыз бар көрші ел – Ресейді сабырға келуге шақырамыз» деп мәлімдеген министр.
Сонымен бірге ол «шыдамның да шегі барын» айтқан.
«Біздің шыдамымыз шексіз емес. Егер осы кезге дейін [Ресейдің мәлімдемелеріне] жауап бермей келсек, ол біз қорқамы немесе өзімізді кінәлі сезінеміз дегенді білдірмейді. Бұл жағымсыз оқиға болды, алайда Ресейдікі дұрыс емес. Олар біздің әуе кеңістігімізді бұзды, бірақ қазір біз өзара қатынасты жөнге келтіруді байсалдылықпен күтіп отырмыз» деген Чавушоглу.
Сонымен бірге түрік министрі ресейлік әскери ұшақ атып түсірілгеннен кейінгі кезеңде Мәскеу Анкараны сынау үшін кез-келген мүмкіндікті пайдаланып қалуға тырысып келе жатқанымен, екінші тарап «дәл сондай жауап қайтаруға тырыспағанын» атап айтқан.
«Нақты проблема бары рас, бірақ біз оны кез-келген жағдайда Ресейге қарсы пайдаланып жатқан жоқпыз. Біз қазіргі заманғы кемелді мемлекет ретінде әрекет етіп отырмыз» деп мәлімдеген Мевлут Чавушоглу.
24 қарашада түркиялық әскери-әуе күштері Сириямен шекарада ресейлік бомбалаушы Су-24 ұшағын атып түсіргеннен соң екі елдің қатынасы нашарлап кетті. Анкара мен онымен одақтас батыс елдері Ресей ұшағы «Түркия әуе кеңістігін бұзып, ескертулерді елемеді» дейді. Бірақ Ресей ұшақтың «Сирия әуе кеңістігінен шықпағанын» айтады.