Алматыда бүгін полиция оппозициялық Nakanune.kz интернет сайтының меншік иесі Гузяль Байдалинованың пәтерін тінтіп жатыр.
Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Достық көшесінде орналасқан Байдалинованың пәтеріне бір топ полиция қызметкері кіріп кеткен. Учаскелік полицей Азаттық тілшісін Байдалинованың үйіне кіргізбеген. Байдалинованың үйіне "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының жетекшісі Тамара Қалеева барған. Оның Азаттыққа айтуынша, тінту тыйым салынған "Республика" газетіне қатысты болуы мүмкін.
"Республика" порталының журналисі Ирина Петрушованың Facebook-тегі парақшасында хабарлауынша, бүгін таңертеңнен бері полиция журналист Рафаэль Балгиннің Марков көшесінде орналасқан үйіне де тінту жүргізіп жатыр. Сот шешімімен жабылған ADAM журналының бас редакторы Аян Шәріпбаевтің Facebook-те хабарлауынша, Балгиннің пәтеріне тінту Алматы қалалық ішкі істер департаментінің қаулысы бойынша жүріп жатыр.
Қаулыда тінту Nakanune.kz сайтында "Казкоммерцбанкке" қатысты "жалған ақпарат тарауына" байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша жүргізіліп жатқаны айтылады.