Қазақстан үкіметі жекешелендіру ісіне осы салада тәжірижесі бар халықаралық консалтингтік компанияларды, оның ішінде Тони Блэрдің компаниясын тарту ниетте деп хабарлайды ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевқа сілтеме жасаған "Қазақстан жаңалықтары" агенттігі.
"Біздің жекешелендіру бойынша үлкен тәжірибесі бар халықаралық консалтингтік компнаияларды тарту жоспарымыз бар. Әзірге ондай бірнеше компанияның тізімін жасап қойдық. Олар - McKinsey & Company, Boston Consulting Group компаниялары. Бұл жұмысқа Еуропа қайта құру және даму банкі, Халықаралық қаржы корпорациясы, Дүниежүзілік банк бөлімі қатысуға ниет білдірді. Бұған тағы бірнеше компанияны, оның ішінде Тони Блэрдің де компаниясын тартатын шығармыз" деген Досаев.
Ұлыбританияның бұрынғы премьері Тони Блэр 2011 жылдың қарашасынан бастап Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі. Батыс басылымдарының дерегінше, Тони Блэр кеңесші қызметі үшін Қазақстаннан миллиондаған фунт стерлинг ақы алады.