Accessibility links

Мәмбеталин мен Нарымбаев: Айып заңсыз тағылған


Азаматтық белсенділер Ермек Нарымбаев (сол жақта) пен Серікжан Мәмбеталин сотта тұр. Алматы, 11 қаңтар 2015 жыл.
Азаматтық белсенділер Ермек Нарымбаев (сол жақта) пен Серікжан Мәмбеталин сотта тұр. Алматы, 11 қаңтар 2015 жыл.

"Алауыздық тудыру" айыбы бойынша сотталып жатқан азаматтық белсенділер Серікжан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаев сотқа куәгер ретінде Алматы прокуратурасының қызметкері Андрей Азбельді шақыртуды сұрады. Азбель қылмыстық істі сотқа жөнелтетін кезде айыптау актісіне қол қойған. Белсенділерге айып Facebook желісінде «Қазақстан мұсылмандар одағы ұйымының жетекшісі» Мұрат Телібеков жазды деп сипатталатын жарияланбаған "Ветер с улицы" кітабынан үзінді келтіргені үшін тағылған. Ресми айыптауға қарағанда, «үзінді мәтіні ұлтаралық араздық тудыруға себеп болуы мүмкін».

Азаттық тілшісінің соттан хабарлауынша, белсенділер прокурор Азбель айыптау актісіне "заңға қайшы келе отырып" қол қойған деп санайды. Айыптауда Мәмбеталин мен Нарымбаев "алауыздық тудыру" әрекетін "алдын ала сөз байласып" айтылған. Сотталушылар 8 қаңтар күнгі сотта жауап алу кезінде Алматы қалалық ішкі істер департаментінің тергеушісі Алексей Чапурин тергеу барысында өзі Мәмбеталин мен Нарымбаевтың іс-әрекетінде "алдын ала сөз байласу" фактісі болғанын дәлелдей алмағанын айтты дейді.

Белсенділер бүгінгі сотта бұған қоса адвокаттары Чапурин мен Азбельді сотқа беретінін де айтты. Олардың сөзінше, Чапурин іс материалында дәлелі болмаса да "алдын ала сөз байласу" туралы жазған, ал Азбель айыптау актісінде тергеу қорытындысымен келіскен.

Белсенділер мен олардың адвокаттары сотта бірнеше өтініш білдірген. Олардың арасында сот залында өздеріне интернетке кіру мүмкіндігін тудыру туралы өтініш бар. Сотталушылар интернет қосылса "Ветер с улицы" кітабының даулы үзінділері интернетте 2013 жылы да жарияланғанын және сол кезде де белсенді талқыланғанын көрсетпек ниетте. Бұған қоса сотқа Мәмбеталин мен Нарымбаевтың қылмыстық ісін Мұрат Телібеков пен Александр Ляховқа қатысты қозғалған іспен біріктіру туралы өтініш берілген. Телібеков пен Ляхинге қатысты іс қозғалғанын 8 қаңтарда тергеуші Алексей Чапурин хабарлаған.

Бүгін сотта айыптау жағынан Нарымбаев пен Мәмбеталинді сотқа тартуға негіз болған олардың әлеуметтік желідегі жазбаларына филологиялық-психологиялық сараптама жасаған сарапшылар сөйлеуі мүмкін. Адвокаттар сотта жазбаларға сараптама жасаған "Журналистер қауіп-қатерде" қорының директоры Розлана Таукинаның сөйлегенін талап етіп жатыр.

Судья Марал Жарылғасова бұл өтініштерге қатысты әлі шешім шығарған жоқ.

XS
SM
MD
LG