Азаматтық белсенділер, "алауыздық тудырды" деп айыпталған Серікжан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаевтың бүгінге белгіленген сот отырысы өтпей қалды. Азаттық тілшісінің Алматының Алмалы аудандық сотынан хабарлауынша, сот Мәмбеталиннің адвокаты Ермұрат Мұқанов ауырып қалғандықтан өтпей қалған. Судья Марал Жарылғасова келесі сот отырысын 19 қаңтарға қалдырды.
Сотталушы Мәмбеталин өзін нашар сезініп тұрғанын, қан қысымы көтеріліп, тұмау белгілері барын айтып шағымданған. Нарымбаев бүгін денсаулығына шағымданбады.
Серікжан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаев былтыр қазан айында қамауға алынған. Оларға Facebook желісінде «Қазақстан мұсылмандар одағы ұйымының жетекшісі» Мұрат Телібеков жазды деп сипатталатын жарияланбаған "Ветер с улицы" кітабынан үзінді келтірді деген айып тағылған. Ресми айыптауға қарағанда, «үзінді мәтіні ұлтаралық араздық тудыруға себеп болуы мүмкін». Белсенділер айыпты мойындамайды.
Белсенділердің соты желтоқсанда басталған.