Accessibility links

Клуни Исмайылды Страсбург сотында қорғайды


Әзербайжандық журналист Хадиджа Исмайыл (сол жақта) мен адвокат, құқыққорғаушы Амаль Клуни.
Әзербайжандық журналист Хадиджа Исмайыл (сол жақта) мен адвокат, құқыққорғаушы Амаль Клуни.

Британдық адвокат, құқық қорғаушы Амаль Клуни түрмеде отырған әзербайжандық журналист Хадиджа Исмайылдың мүддесін Страсбургтегі Адам құқығы жөніндегі Еуропа сотында қорғайтын болды.

Исмайылдың заңгері Фариз Намазли Исмайыл Клунидің "Әл-Жазира" телеарнасының Египетте түрмеде отырған журналисі Мұхаммед Фахимді қорғаған ерлігін жоғары бағалап, адвокат ұсынысын қабыл алғанын хабарлады. Амаль Клуни мен оның күйеуі, актер Джордж Клуни Media Legal Defence Initiative ұйымының директоры Нани Янсенмен бірге Страсбургте Исмайылды оның сот үкіміне мен Әзербайжан билігінің шешіміне берген шағымы қаралғанда қорғайды.

Клуни кезінде WikiLeaks-ті ашқан Джулиан Ассандж бен Украинаның бұрынғы премьері Юлия Тимошенконы қорғаған. Өткен жылы ол Осман империясы тұсында армяндардың жаппай қырылуын геноцид деп тануды талап еткен Армения үкіметіне адвокат болған. Әзербайжанның ресми ақпарат құралдары геноцидке қатысты істе жеңілген Клуни енді "түркі тілдес елдерден кек алғысы келеді" деп мәлімдеді.

Фариз Намазлидің хабарлауынша, Исмайыл өзінің бір уақытта бостандыққа шығып, Клунимен кездесетінінен және оған 20-ғасырдың басындағы армяндардың қырылуы туралы "анағұрлым шынайы ақпарат" беретінінен үмітті екенін айтқан.

Хадиджа Исмайыл 2015 жылы қыркүйекте «салықтан жалтарды», «заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты» және «қызмет өкілетін теріс пайдаланды» деп айыпталып, жеті жарым жылға сотталған. Құқық қорғаушылар Әзербайжан билігі Исмайылды биліктегі жоғары шенді шенеуніктердің, оның ішінде президент Ильхам Әлиев пен оның отбасы мүшелерінің "қаржылық қылмыстарға қатысы бар" екені туралы зерттеу материалдары үшін соттады дейді.

XS
SM
MD
LG