Швеция 2015 жылы елге келіп, босқын мәртебесін сұраған өтініштері қанағаттандырылмаған 80 мыңға тарта мигрантты елден шығармақ ниетте. Бұл туралы Швеция ішкі істер министрі Андерс Игеман мәлімдеді.
Игеманның швед ақпарат құралдарына айтуынша, қазір 60 мың адамды елден шығару жоспарланған. Бірақ бұл сан алда 80 мыңға жетуі мүмкін. Үкімет миграция мәселесімен айналысатын органдарды мигранттарды елден күштеп шығаруды ұйымдастыруды сұраған.
Игеман босқын мәртебесі берілмейтін мигранттар саны көп болуына байланысты елден коммерциялық ұшақтармен емес, арнайы үлкен ұшақтармен шығарылатынын айтады.
9,8 миллион халқы бар Швеция - Еуропа Одағы елдері арасында тұрғындарының жан басына шаққанда мигранттарды ең көп қабылдаған ел болып отыр.
Швеция өткен жылы 160 мыңнан астам мигрантты қабылдаған. Олардың көпшілігі Ауғанстан, Пәкістан, Ирак және Сириядан шыққандар. Өткен жылы босқын мәртебесін беруді сұраған 58 мың 800 өтініштің 55 пайызы қанағаттандырылған.
Бірақ Швеция 4 қаңтарда елге келушілердің құжатындағы суреттерді тексере бастаған соң елге келетін мигранттар саны күрт азайды.