Accessibility links

ЖСДП депутаттыққа кандидат ұсынуды талқылады


ЖСДП Алматы филиалының өкілі Тазабек Сәбетбай.
ЖСДП Алматы филиалының өкілі Тазабек Сәбетбай.

Бүгін, қаңтардың 29-ы күні Алматыдағы «Көктөбе» демалыс кешенінде Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) мен жалпы ұлттық азаматтық жиналыс ұйымы бірлескен жиын өткізіп, парламент мәжілісі депутаттығына ЖСДП атынан кандидаттар ұсыну мәселесін талқылады.

Қатысушылардың айтуына қарағанда, барлығы 45 адам қатысқан жиын басталардан бір сағат бұрын кешенде белгісіз себептермен электр жарығы өшіп қалып, жарты сағат кеш басталған.

Жиында ЖСДП атынан 13 адам ұсынылған. Олардың арасында бұрын ЖСДП мүшесі болмағандар да бар. ЖСДП-ның Алматы қаласы бойынша бөлімшесінің жетекшісі Тазабек Сәмбетбайдың айтуынша, жиында ұсынылған 13 адам ЖСДП-ның ертең өтетін 12-құрылтайында бекітіледі. Олардың арасында «белсенділігімен танылған" оралмандар да бар. Сәмбетбай ЖСДП төрағасы Жармахан Тұяқбайдың кандидатурасы әзірге ұсынылмағанын, бірақ ол мәселе ертеңгі съезде "шешілуі мүмкін» екенін айтады. ЖСДП-ның кейбір бөлімшелері «сайлауға Жармахан Тұяқбайсыз қатысуды» ұсынған.

ЖСДП «Азат» партиясының қолдауымен 2012 жылы қаңтарда өткен парламент сайлауына қатысып, қажетті дауыс «жинай алмаған». Орталық сайлау комиссиясының қорытынды есебіне ЖСДП сенімсіздік білдіріп, наразылық акциясын өткізген.

«Жалпыұлттық азаматтық жиналыс» 2014 жылы мамыр айында оппозициялық көңіл-күйдегі саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың қатысуымен құрылған. Азаматтық жиынның жетекші органы «Азаматтық кеңеске» ЖСДП төрағасы Жармахан Тұяқбай, жойылған коммунистік партия жетекшісі Ғазиз Алдамжаров, «Аман-саулық» үкіметтік емес ұйымының басшысы Бақыт Түменова, Қазақстанның адам құқықтары бюросы жетекшісі Евгений Жовтис, баспасөз құқығын қорғайтын «Әділ сөз» ұйымы басшысы Тамара Калеева және басқалар кірген.

Биыл наурыздың 20-сына белгіленген мәжіліс депутаттарының ерте сайлауына партиялық тізім бойынша сайланатын кандидаттарды ұсыну 8 ақпанға дейін, ал партиялық тізімді тіркеу 19 ақпанға дейін созылады. Парламент мәжілісі 20 қаңтарда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен, мәжіліс депутаттарының өздерінің ұсынысы бойынша тараған.

Мәжілістегі 107 депутаттық орынның 97-сі партиялық тізім бойынша, 9-ы Қазақстан халқы ассамблеясы атынан сайланады.

XS
SM
MD
LG