Еуропа Одағы Украинаның бұрынғы президенті Виктор Янукович пен оның жақын 15 серігінің активін бұғаулайтын санкция мерзімін ұзартты. Санкция Янукович пен оның серіктерінің "мемлекет қаржысын ысырап қылғаны" үшін салынған.
2014 жылы Янукович ақпанда жаппай халық толқулары нәтижесінде биліктен кеткен соң салынған санкция мерзімі 2017 жылдың 6 наурызына дейін ұзарды.
Санкцияға іліккендер арасында Украинаның бұрынғы премьер-министрлері Николай Азаров пен Сергей Арбузов, Янукович тұсындағы президент аппаратының жетекшісі Андрей Клюев бар.
Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Раиса Богатырева жымқырған қаржысын Украина билігіне қайтарған соң санкция тізісінен шығарылған.
ЕО министрлері 4 наурызда Брюссельдегі кездесуінде санкцияны ұзартуды мақұлдаған. Шешім бүгін, 5 наурызда ЕО-ның ресми басылымында жарық көрген соң күшіне енді.