Accessibility links

Уәкіл: Шетелде асырап алған 237 бала жайлы мәлімет жоқ


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстанның бала құқығы жөніндегі уәкілі Қазақстаннан шетелдіктерге асырауға берілген 237 баланың тағдыры туралы мүлдем мәлімет жоғын хабарлады. Бала құқығы жөніндегі уәкілдің баспасөз қызметі таяуда АҚШ-та Қазақстаннан асырап алған екі баланың кісі қолынан қаза тапқан оқиғасынан соң шетелдіктер асырап алған қазақстандық балалардың жағдайы туралы тиісті органдардан мәлімет алғанын айтады.

Ресми статистика бойынша, 1999 жылдан бері Қазақстаннан 8 мың 805 бала асырап алынған. Олардың 6 мың 609-ын АҚШ азаматтары асырап алған. Бұлардың 673-іне қатысты асырап алғаннан кейінгі жағдайы туралы есеп түспеген. Ал 237 балаға қатысты мүлдем ақпарат жоқ. Уәкіл бұл асырап алынған қазақстандық балаларды консулдық тіркеуге алуда мәселе барын көрсететінін айтады.

Уәкіл Қазақстандағы бала құқығы туралы заң бойынша шетелдіктерге асырауға берілген балалар кәмелеттік жасқа толғанша Қазақстанның қорғауында болуы және Қазақстандағы балаларға берілген құқық пен кепілдікті бар мүмкіндігінше пайдалана алуы тиіс дейді. "Осыған байланысты, бұл саладағы құзырлы органдар шетелде асырап алған қазақстандық балалардың құқығын қамтамасыз етуде және алда жоғарыдағыдай қайғылы жағдайларға жол бермеуге қосымша күш салуы қажет" дейді уәкіл.

2016 жылы 26 ақпан күні Вашингтон штатына қарасты Белфэйр қаласында 51 жастағы Дэвид Кэмпбелл жолдасы 49 жастағы Лана Карлсон мен асырап алған екі баласы Тори мен Куинді атып тастаған болатын. Қазақстан сыртқы істер министрлігі оққа ұшқан балалар Ақмола облысында туған Тимур Коктиев (1997 жылы туған) пен Дамир Абдрахманов (1999 жылы туған) екенін және 2002 жылы оларды АҚШ-тағы Карлсон отбасы асырап алғанын хабарлаған. Министрлік балалар 2002 жылдың қазан айынан бастап Нью-Йорктегі Қазақстанның бас консулдығында Карлсон Тори Тимур және Карлсон Куинн Дамир ретінде консулдық есепте болған» деп жазған.

XS
SM
MD
LG