2016 жылғы 12 наурыздағы жағдай бойынша Қазақстан орталық сайлау комиссиясы (ОСК) сыртқы істер министрлігінің (СІМ) ұсынуы бойынша халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттерден барлығы 608 бақылаушыға тиісті аккредитация берген. Бұл туралы бүгін Қазақстандағы парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар сайлауына халықаралық ұйымдар мен шет мемлекет бақылаушыларын аккредитациялау туралы қаулы қабылдаған ОСК хабарлады.
Шетелдік бақылаушылар қатарында ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның 197 өкілі, ТМД миссиясынан 293 бақылаушы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы миссиясынан – 9, ЕҚЫҰ парламенттік ассамблеясынан – 75, Ислам ынтымақтастығы ұйымынан – 3, Түркітілдес елдердің парламентаралық ассамблеясынан – 8, және 10 шет мемлекеттен 23 өкіл бар.
Бұған қоса СІМ аккредитациясы бар 27 мемлекеттен 117 шетелдік журналист БАҚ өкілі ретінде сайлауды бақылауға қатысады.
ОСК ақпаратына сәйкес, шетелдер мен халықаралық ұйымдар бақылаушыларын аккредитациялау жұмысы 2016 жылғы 14 наурызға дейін жүргізіледі.
Қазақстанда кезектен тыс парламент мәжілісі және жергілікті мәслихаттар сайлауы наурыздың 20-сына белгіленген.