Қазақстанда мемлекеттік мекемелерде смартфондар мен мен гаджеттерді пайдалануға тыйым салынады деп хабарлады министрлік өкілдеріне сілтеме жасаған жергілікті агенттіктер. Ресми мәлімет бойынша, бұл шара "ақпараттың сыртқа шығуымен" күресу үшін енгізілген. Мемлекеттік мекемелерде интернет байланысы ұстайтын, фото және видео камералары бар құрылғылар қолдануға тыйым салынады. Бірақ мекемеде қоңырау шалып, хат-хабар алмасатын функциясы бар ұялы телефонды пайдалануға рұқсат етіледі.
"Интерфакс-Қазақстан" агенттігіне министрліктің бірқатар қызметкерінің хабарлауынша, наурыздың басында оларға енді жұмысқа өзімен смартфон мен планшет алып келуге болмайтыны туралы ескерткен.
"Премьер-министрдің кеңсесінен 24 наурыздан бастап қызметкерлерге ұялы телефон ұстауға тыйым салынатыны туралы ескерту келді. Енді біз телефонымызды үйде қалдырып кетуіміз керек, я батырмасы бар телефонды қолдануымыз керек" деген мемлекеттік қызметкер. Өзге бір қызметкердің сөзінше, бұл тыйым сәуір айынан бастап күшіне енеді. "Бұл қызметтік құпия ақпараттың мессенджер арқылы сыртқа шығып кетуімен байланысты" деген қызметкер.
Үкіметтегі дереккөз агенттікке мұндай өкім шыққанын растап, тыйым қызметтік ақпаратытң сыртқа таралып кету оқиғаларының көбейгеніне байланысты енгізілетінін айтты.
Ал ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов бұл тапсырма режимді нысандарда орындалатынын айтты. "Күзетілетін мекемелерде бұл тапсырманы орындаймыз. Біздің қызметіміз жедел. Бізде көптеген мәселе - құпия, олар жария емес. Сондықтан біз өкімге дейін де ондай құрылғыларды қолданған емеспіз" деген Қасымов Tengrinews.kz сайтына.
Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова үкімет отырыстарында планшеттер бәрібір қолданыла беретінін айтқан.